Үлкен Нарын ауданының шалғай ауылында жаңа спорт кешені ашылды
Үлкен Нарын ауданындағы Көкбастау ауылында көптен күткен қуанышты сәт туды — жаңа спорт залы есігін айқара ашты. Бұл — шағын ғана ауылдың жүрегіне айналар жаңа кеңістік, талай баланың арманын жақындатар мүмкіндік. Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысып, ауыл өміріндегі бұл оқиғаның ерекше маңызын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрылысы 2025 жылдың мамырында басталған, құны 118 млн теңгені құраған кешен Көкбастау үшін айрықша қажет еді. Себебі, бұл ауыл мектебінде ешқашан жеке спорт залы болмаған. 269 тұрғыны бар елді мекенде бүгінде 67 оқушы білім алады. Спорт зал ең әуелі осы балаларлың дене шынықтыруға деген мүмкіндігін кеңейтпек. Сонымен қатар, жаңа нысан бүкіл ауыл жұртын бұқаралық спортқа баулып, түрлі мәдени және қоғамдық шаралар өткізетін орынға айналмақ.
Облыс әкімі өз сөзінде ауылдық инфрақұрылымды дамыту Шығыс Қазақстан үшін әрдайым стратегиялық басымдық болып қала беретінін ерекше атап өтті.
– Алыста жатқан ауылдың да көңілі алаңсыз, тұрмысы толық болуы тиіс. Осындай жобалар өңір орталығынан қаншалықты қашық орналасса да, әр адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған, — деді ол.
Жаңа спорт залы – Көкбастаудың бүгінгі тынысын кеңейткен, ертеңіне үміт сыйлаған игілікті бастама.












