KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, Ю
522.38 612.6 6.54

Коммуналдық энергия компаниялары салықтан босатылмақ – ҚР Мәжілісі

depositphotos.com

11.12.2025, 16:30 110 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда коммуналдық энергетика саласының тұрақтылығын қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту мақсатында салықтық өзгерістер қарастырылуда. Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин коммуналдық энергия компанияларына қатысты фискалдық жүктемені жеңілдететін заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ел Мәжілісіне сілтеме жасап. 

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы салық тәртібі коммуналдық энергия өндірушілерге бөлінетін субсидиялардың нақты тиімділігін төмендетіп отыр. Мемлекеттен қолдау алғанымен, оның елеулі бөлігі қайтадан бюджетке салық ретінде қайтарылады.

Депутат бұл мәселені былай түсіндірді:

«Ұсынылып отырған заң жобасы коммуналдық энергетика саласындағы фискалды және экономикалық мәселелер кешенін шешу мақсатында әзірленді. Бүгінгі таңда электр энергиясын, су және жылу өндірумен бір мезгілде айналысатын коммуналдық энергия өндіруші ұйымға субсидия түрінде бөлінетін мемлекеттік қолдаудың елеулі бөлігі қарыздарды өтеуге жұмсалудың орнына салық төлемдері ретінде қайтадан бюджетке қайтарылады», – деді Еділ Жаңбыршин.

Оның сөзінше, қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес субсидия табыс ретінде есептеледі және бұл кәсіпорындарды корпоративтік табыс салығын төлеуге міндеттейді.

«2024 жылы республикалық бюджеттен аталған ұйымға бөлінген 5 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қаражаты кәсіпорынның табысы ретінде есептеледі. Соның 20 пайызы, яғни 1 миллиард теңге корпоративтік табыс салығы ретінде қайтадан мемлекеттік бюджетке аударылады. Бұл мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі», – деп түсіндірді ол.

Депутаттың айтуынша, мұндай жүйе субсидиялардың мақсатты түрде пайдаланылуына кедергі келтіріп, коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндіктерін шектейді. Бөлінген қаражат қарыздарды жабуға, инфрақұрылымды жаңартуға немесе өндірістік қуатты арттыруға бағытталуы тиіс, алайда қазіргі жағдайда бұл мүмкін болмай отыр.

Осы себепті заң жобасы субсидияларды корпоративтік табыс салығынан босатуды көздейді.

«Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бөлінген қаржыны толық игеруге мүмкіндік береді. Заң жобасының нормалары тек электр энергиясын, су және жылу өндіруді қатар жүзеге асыратын және коммуналдық меншікке жататын энергия өндіруші ұйымға ғана қолданылады», — деді депутат.

Заң жобасы қабылданған жағдайда коммуналдық энергия компанияларының қаржылық тұрақтылығы артып, инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалар тиімді іске асырылмақ. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасына және жүйенің жалпы тұрақтылығына оң әсер ететіні күтіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу