ШҚО-да түрмеге телефон кіргізбек болған ер адам құрықталды
Фото: polisia.kz
ШҚО-да сотталған адамның досы түрмеге тыйым салынған затты өткізбек болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Облыс орталығында ер адам телефонды қатаң режимдегі колонияға тікелей заңсыз кіргізбек болған. Ол сотталғанға телефонды прәндікке арналған ыдысқа салып, тапсыруға тырысқан.
Бұл ер адам көрші Абай облысынан досымен көрісуге келген. Сотталғанның досы азық-түлік сөмкесіне тыйым салынған затты бүркемелеп салып әкелген.
Қонақ әкелген сыйлығын алдын ала ашылған прәндік пакетіне салып жасырып, қайта жапсырып қойған. Бір қарағанда прәндіктердің қаптамасы ешқандай күдік тудырмаған.
Алайда бұл сәлемдеме адам мен багажды тексеру үшін орнатылған рентгенді-телевизиондық құрылғының көмегімен анықталды.
Заманауи технологиялардың айлакер жолмен жасырылған тыйым салынған заттарды анықтауда бірнеше рет көмектескенін айта кету керек.
Аталған факт бойынша материал жинақталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін аумақтық полиция бөліміне жіберілді. 29 жастағы құқық бұзушыға айыппұл салынады.