Көктемгі дала жұмыстарына техниканың 96 пайызы дайын – ШҚО

Фото: freepik.com
ШҚО-ның шаруа қожалықтары көктемгі егістік жұмыстарына қызу дайындалып жатыр. Қазіргі кезде ауыл шаруашылық техникаларының дайындығы 96 пайызға жеткен. Сонымен қатар шаруаларға 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Облыс шаруашылықтары көктемгі егіс жұмыстарына қажет техника қорына ие. Атап айтсақ, шаруалардың меншігінде 14198 трактор, 5128 жүк автокөлігі, 4359 соқа, 2691 қопсытқыш, 4369 сепкіш және 125 егістік кешені бар.
Бүгінде егіс және топырақ өңдеу техникасының дайындығы – 96%. Дала жұмыстары басталғанша көрсеткіш 100%-ға жетпек.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облыс шаруашылықтарына Павлодар мұнай зауытынан 14 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бұл жанармай наурыз айынан бастап маусым айына дейін бөлініп беріледі. Шаруалар үшін 1 литр дизель отынының бағасы 250 теңгеден аспайды.