7,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді – ШҚО
Фото: world-nan.kz
ШҚО-ның ауыл шаруашылығы басқармасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын анықтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отынын жеткізу Павлодар мұнай өңдеу зауытынан жүзеге асырылатын болады. ШҚО үшін көктемгі егіске 7,1 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның ішінде айлар бойынша: наурыз - 2 мың тонна, сәуір - 2,4 мың тонна, мамыр - 2,7 мың тонна, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өтінімдерді қарау және ашық дауыс беру нәтижесі бойынша көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін жеңілдетілген дизель отынын босату жөніндегі операторлар: "PetroRetail" ЖШС, "Металл-Импэкс" ЖШС, "Зыряновскнефтепродукт" ЖШС, "Alem Oil" ЖШС, "Юпитер-Шульгин и К" ӨТ, "Шемавтодизель" ЖШС және "Алтын Мұнай ЛТД" ЖШС.
Сонымен қатар босату операторларын айқындау қағидаларына сәйкес "Багратион" ШҚ, "Багратион ВАВ" ЖШС, "Багратион ВВГ ШХ" ЖШС, "Пролетрка" ШҚ және "Багратион-2" ШҚ автоматты түрде операторлар тізіміне енгізілген, өйткені олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер.
Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бағасы 1 литр үшін 246-дан 250 теңгеге дейін болады.
Жанаргүл Мұқатай