Бұқтырманың жағасы туристерді таңғалдырмақ
Осы жылы Алтай ауданында бірқатар ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылмақ. Атап айтсақ, Алтай қаласындағы ауданаралық аурухана және мүгедектер мен қарттарға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жөнделіп, «Орел» тау-шаңғы кешені қалпына келтіріледі. Жаңа Бұқтырма кентіндегі 200 орындық қазақ мектебінің құрылысы аяқталады. Серебрянка бейорганикалық өндіріс зауытының бұрынғы әкімшілік ғимараты мәдени-демалыс орталығы ретінде жаңартылып, Веденеев көшесіндегі бұрынғы жатақхана тұрғын үй ретінде қайта құрылады. Бұдан бөлек Тұрғысын ауылына, Октябрьск кентіне дәрігерлік амбулаториялар, Феклистовка ауылына медпункт салу, Жаңа Бұқтырма кентіндегі амбулаторияны жөндеу жоспарға алынған.
Сүт өндіру көлемі 45 пайызға артады
Алтай – Шығыс Қазақстандағы экономикалық әлеуеті мықты аудандардың бірі. Бұл өңірде өндіріс те, ауыл шаруашылығы да қатар дамыған. Мәселен, жыл басынан бері ғана аудан бюджетіне 4 миллиард 337 миллион теңге қаражат түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 203 пайызға көп, осылайша жоспар 228 пайызға орындалып отыр.
Өнеркәсіп – аудан экономикасының басты саласы. Мұнда орын тепкен «Казцинктің» Алтай тау-кен байыту кешені және Бұқтырма цемент компаниясы сынды ірі кәсіпорындарда 3 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ауданда қуаты 50 мегаватт болатын екінші электр стансасын салу көзделіп отыр. Бірінші станцияның арқасында электр энергиясын өндірудің жылдық көлемі 80 миллион киловатт/сағатқа өсіп, аудан қазынасына 300 миллион теңге салық түскен болатын.
Ауыл шаруашылығын Алтай ауданы экономикасының драйвері деуге болады. Айталық, бүгінде бұл өңірде бес ірі сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Сиыр саны 10 мыңға тақаған, жылына 26 мың тоннадан астам сүт сауылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мәлім етті.
Өсімдік шаруашылығы туралы айтар болсақ, биыл егіс науқанына 119 шаруашылық жұмылдырылған. Егіс алқабы 76,8 мың гектарға жетіп отыр, бұл былтырғыдан 300 гектарға көбірек.
Әзірше диқандар 11 мың гектарға (жоспардан 28%) дәнді дақыл, 10 мың гектарға күнбағыс (38%) егіп үлгерген.
Көктемгі егіс жұмыстарына 1012 техника, оның ішінде 28 заманауи егіс кешені тартылыпты. Бұл маңызды науқанды осы айдың соңына дейін толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Атап өтерлігі, осы жылы аудан шаруашылықтары 608 миллион теңгеге 10 су жаңа техника сатып алған. Ал мемлекет тарапынан егіс жұмыстарына деп ауданның шаруашылықтарына 1834 тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.
Бұдан бөлек Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 1,8 миллиард теңге болатын 28 кредит те берілген.
Шаруалар түсімнің мол боларына сенімді. Оған дәлел – биыл «Соловьевские нивы и К» ЖШС 4500 тонна күнбағысты, ал «Нивы Чапаево» ЖШС 2858 тонна бидайды сату туралы алдын ала шарт жасасқан.
Кәсіпкерлік саласы да кенжелеп жатқан жоқ. 3488 шағын және орта кәсіпкерлік нысанында 9,5 мың адам немесе аудандағы экономикалық белсенді халықтың 28%-ы жұмыс істейді.
Олар шығарған өнім мен көрсеткен қызметтердің мөлшері осы жылдың алғашқы тоқсанында 13,6 миллиард теңге болды.
Малеевка мен Путинцево сапалы сумен қамтылады
Халықтың тұрмысы жайлы болуы үшін таза су, сапалы жол, жылу қажет. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, аудан тұрғындарын ауызсумен қамту үшін осы жылы 1713,1 миллион теңгенің 23 жобасын іске асыру көзделіп отыр. Бұл қаржыға Алтай, Серебрянка қалаларының, Никольск, Средигорное, Подорленок, Чапаево, Полянское, Васильевка, Соловьево, Парыгино ауылдарының, Жаңа Бұқтырма, Көгілдір бұғаз, Октябрьск кенттерінің сумен жабдықтау нысандары жөнделеді.
Қуанышты жаңалық – биыл Малеевка және Путинцево ауылдарында су құбырларын салу жұмыстары толықтай аяқталып, осы елді мекендердің тұрғындары таза суға қол жеткізетін болады.
Осы жыл облыста «Жол жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Қазіргі уақытта Алтай қаласының Панфилов, Геологический, Астана көшелерін жөндеуге сараптама алынып, конкурс жарияланды. Серебрянка қаласының Шоссейная және Клубная, Зубовка, Октябрьск кенттерінің, Маяк ауылының көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда.
Тұрғындарды электр қуатымен үздіксіз қамту мақсатында ағымдағы жылы Малеевка, Маяк, Путинцево, Средигорное, Парыгино, Северное ауылдарында, Зубовка, Октябрьск кенттерінде 88 миллион теңгеге 11 электрмен жабдықтау нысанын жөндеу және орнату көзделген.
Соловьево және Полянское ауылдарын жарықтандыру жобаларын әзірлеу басталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Алтай қаласының 29 көшесіне 1316 шам орнатылып жатыр. Жұмыстар биыл аяқталады.
Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, тазалау жұмыстарының басты мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту, жалпы көңіл күйін көтеру. Ауданның елді мекендерін абаттандыру бойынша 1716,8 миллион теңгеге жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
Атап айтсақ, биыл Алтай қаласының Спортивная, Рудная көшелеріндегі, Комаров көшесінен Промышленная көшесіне дейінгі тротуарлар жөнделеді. Жұмыстар маусым айында басталады. Чапаево, Дородница, Никольск, Шірікқайың, Феклистовка ауылдарында балалар және спорт алаңдары, Феклистовка, Средигорное ауылдарында шағын футбол алаңы салынады. Полянское ауылында, Октябрьский кентінде сауда павильондары орнатылады, Тұрғысын ауылындағы республикалық жол бойындағы қоршаулар қалпына келтіріледі.
Осы көктемде «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан бойынша 800-ден астам көшет егіліп, саябақтар, ескерткіштер маңы, өзендер арнасы тазартылды.
«Бірқабатты Шығыс»: биыл 20 үй салынады
«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы Алтай ауданында қарқынды іске асуда. Былтыр Тұрғысын, Малеевка ауылдарында, Октябрьск, Прибрежный, Жаңа Бұқтырма кенттерінде, Серебрянка қаласында көпбалалы отбасылар үшін он үй сатылып алынды. Биыл осы бағдарлама бойынша кезекте тұрғандар үшін 20 жер үй салу жоспарлануда. Олар Тұрғысын, Соловьево, Полянское ауылдарында, Октябрьск, Прибрежный кенттерінде, Серебрянка қаласында бой көтермек.
Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 586 адамды жіберу көзделген, бүгінге дейін оның 263-і жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, 150 оқушы мен студент «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауданның елді мекендерін көгалдандыруға қатысады.
Тағы бір атап өтерлік жайт, уақтылы жүргізілген алдын алу шараларының арқасында ауданда әзірге су басуға жол берілмеді. Барлық су өткізгіштер, арық-арналар, көпірлер қар мен мұздан тазартылып, 40 мың текше метрден астам қар шығарылған болатын. Наурыз-сәуір айларында Бұқтырма өзеніндегі мұздар жарылды. Су басу қаупі бар учаскелерге 11 мыңнан астам құм толтырылған қап төселді, бөгеттер салынды.
Демалыс базаларынан 19 миллион теңге салық түсті
Алтай ауданының туристік әлеуеті зор. Мұндағы Бұқтырманың жағалауы кеңестік кезден бері өңір тұрғындарының сүйікті демалыс аймағы болып саналады. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы ауданның демалыс аймақтарына 300 мыңнан астам адам демалуға келіпті.
2023 жылы Жаңа Бұқтырма кентінде және Бұқтырма жағалауында туризмді дамыту жоспары іске аса бастады. Былтырдан бері Жаңа Бұқтырманың орталығы абаттандырылуда, оған облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді. Кенттің орталық бөлігіндегі жылу, су құбырлары ауыстырылып, саябақ, майдангерлер ескерткішінің, спорт мектебінің аумағы абаттандырылып жатыр.
Туристердің көптеп келуі үшін ұялы байланыс пен интернеттің болуы да аса маңызды. Бұл ретте де жұмыстар атқарылуда. Айталық, былтыр Новокрестьянка мен Кремнюха ауылдары интернетке қосылды, «Казцинк» ЖШС қолдауымен Малеевка ауылында антенна салынып, жақын арада байланысы орнатылады. Ал осы жылы Крестовка ауылы ғаламторға қосылды. Алдағы уақытта Бородино ауылында антенна салынады. «Қазақтелекоммен» Шірікқайың ауылына ұялы байланыс орнату бойынша келіссөз жүргізілуде.