Болашақ аграршылар бақ сынады – ШҚО

Самар аудандық аграрлық-техникалық колледжінің 65 жылдығына орай ШҚО ауыл шаруашылығы колледждерінің студенттері арасында «Өз ісінің шебері» кәсіби шеберлік сайысы өтті.
Шараға жиналғандарды Самар ауданы әкімінің орынбасары Жаслан Майкенев, ШҚО кәсіптік және техникалық білім беру басқармасының өкілі М.Кожамжарова, Самар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жанаргүл Жолжақсынова, колледждің ең бірінші түлегі Е.Токушев құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әр ауданнан келген қатысушылар өз білім ордаларындағы күнделікті өмірін бейнежазба арқылы көрерменге көрсетсе, әділқазылар студенттердің жұмысын бағалады.
Айта кету керек, Самар аудандық аграрлық-техникалық колледжі 65 жыл ішінде жиырма мыңнан астам маман даярлаған.
Байқаудың жартысы егіс даласында өтті. Олар арнайы техникаларымен жер жыртып, тұқым егіп, бақ сынасты.
Шынында да, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Себебі жастар қиындығы мен машақаты көп жұмысқа барғысы келмейді. Шын мәнінде осы салада жүрген жандар ел экономикасының артуына өлшеусіз үлес қосып жатқанын айта кеткен жөн.
Жарыстың қорытындысы бойынша, 1-орынға «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі» студенті Арнұр Құмарбеков ие болса, 2-орынды «Алтай ауданының ауыл шаруашылық колледжі» КММ-нің студенті Кирилл Полковников қанжығалады. «Зайсан технологиялық колледжі» КММ-нің студенті Эльдар Ахметқалиев мен «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ-нің студенті Әли Дәуенов 3 орынға жайғасты.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.