Шығысқазақстандық үздік оқушылар ауылдан арманына аттанды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің 24 дарынды оқушысы Алматыда өтетін «Iqanat» олимпиадасының ақтық сынына аттанды.
«IQanat» білім беру қорының ШҚО бойынша үйлестірушісі Эльвира Еркінбекованың айтуынша, олимпиаданың финалдық кезеңіне еліміздің барлық өңірінен жиналған мыңнан астам ауыл балалары қатысады. Соның ішінде 100 оқушы іріктеледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі
Бұл жеткіншектер аудандық және облыстық деңгейдегі алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өтіп, іріктеудің бастапқы кезеңдеріне қатысқан 60 мыңнан астам баланың арасынан топ жарған үздіктер.
Ақтық сында балалар «Iqanat» мектеп-интернатында оқу мүмкіндігі үшін күреседі. Яғни, олимпиада жеңімпаздары Бурабайда орналасқан «Iqanat» мектебіне қабылданады.
Қалған балалар да олимпиададан кейінгі үш жыл тегін сүйемелдеуге қабылданып, оның барысында ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін үйренеді.
Еске сала кетсек, ауыл мектептерінің озық ойлы оқушыларын қолдауға арналған «Iqanat» бағдарламасы - жыл сайын мыңға жуық баланы, оның ішінде 70-80%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан оқушыларды қамтитын әлеуметтік-білім беру жобасы.
Осының арқасында «Iqanat» мектебі түлектерінің 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі. Қазір жоба түлектері әлемнің 15 елінде жоғары білім алуда.
Республикалық ақтық сынға аттанған талапты жастарымызға сәттілік тілейміз!