KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, ОШ
521.9 593.5 6.39

Балдан кәмпит, балқарағайдан кофе шығармақ - ШҚО

19.06.2024, 14:33 205 Ынтымақ Толқын

Елімізде баламасы жоқ өнімнің бес түрін өндіретін отандық фирма биыл балдан кәмпит шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Глубокое ауданының Ушанов ауылындағы «Медовая марка» сауда белгісімен өндіріліп жатқан бал сусындарының құрамында спирт жоқ. Кәсіпорын басшысының орынбасары Алмас Таңғытұлының айтуынша балдан өндірілетін бес түрлі шырынның емдік қасиеті басым.

- Балдан жасалатын бұл шырынның қоспаларын түгел өзіміз ойластырып шығардық. Бұндай өнім шығаратын кәсіпорындар әлем бойынша жоқтың қасы. Бал сусындарының ашытқысын Италиядан әкелеміз. Тәжірибемізде елуге жуық ашытқыны сынап көрдік. Соның арасынан біреуі Шығыстың балымен керемет үйлесім тауып, ерекше дәм берді. Сусындардың қоспасы қосылғаннан кейін кем дегенде алты ай ашытамыз. Негізінен біздің өнімнің емдік қасиеті басым. Спиртті сусындар сияқты қанға өтіп, адамды масайтатын әсері жоқ. Тек денеңді балбыратып, шаршағаныңды басады. Қыста денеңді қыздырса, аптап ыстықта салқындататын қасиеті де бар, – деді Алмас Таңғытұлы.

Оның айтуынша, отандық өнімнің кең көлемде өндірілуіне салық  мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді. Мемлекеттен қолдау болса кәсіпорынның тасын өрге домалатуға болатынын айтады кәсіпкер.

– Біздің өнімнің шығарылу жолын шетелден келіп үйренгендер болды. Қазір ол жақта бұл бизнеспен көп кәсіпкер айналысып отыр. Оларға көрсетіліп жатқан қолдау да жақсы. Біздің өнімнің көптеп шығарылуына жарнама мен салық қиындық тудырып тұр. Табиғи  болғанымен елімізде бұл өнімді жарнамалауға болмайды. Оның үстіне салық мәселесі де қалтаны қағады. Осында өндірілген әр бөтелкеге шығарылмай тұрып 740 теңгеден салық төлейміз. Өнім шыққаннан кейін тағы да қосымша салықтар бар. Жауапты орындар бұл мәселені шешуге қолдау көрсетсе деймін. Президентіміз ішкі нарықта отандық өнімдердің үлесін арттыру міндетіп қойып отыр. Ендеше осы міндеттің үдесінен шыға білуіз керек, – дейді Алмас Таңғытұлы.

Айта кетелік, аталмыш кәсіпорын бал сусындарынан бөлек шығыста өсетін емдік шөптерден шай шығарумен айналысады. Сондай-ақ, жақын арада балқарағайдан жасалған кофе шығаруды жоспарлап отыр. Ол өнім қазір сынақтан өткізілуде.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу