ШҚО полицейлері 6 млн теңге қарызы бар борышкерді құрықтады
Фото: polisia.kz
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бір жылға жуық жасырынған борышкердің орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап. Ер адам 6 миллион теңге қарызын төлемей, қарыз беруші мен сот орындаушыларынан жасырынып жүрген.
Өскемен қаласының көші-қон қызметі бөліміне өткен жылдың тамыз айынан бері қарызын төлемеген борышкерді іздеуге жариялау туралы қаулы түсті. Қызметкерлер бұл хабарламаны бір тәулік ішінде қарастырып, борышкердің Павлодарда жасырынғанын анықтады. Енді берешекті өндіріп алу үшін қажетті шаралар қабылдануда.
ШҚО полиция департаменті заң бойынша қарызды төлемеудің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі бар екенін ескертеді.