ШҚО-да «Бірлік» халықаралық жастар лагері ашылды (видео)
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Бірлік» жастар лагері өз жұмысын бастады. Халықаралық жастар лагеріне этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының белсенді жастары қатысуда.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар мен Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген қандастар бұл жолы Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы «Балақай» спорттық-сауықтыру орталығында бас қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясында жастарға арналған түрлі жобалар жүзеге асырылады. Соның бірі – «Бірлік» халықаралық жастар жобасы. Жобаның мақсаты - этникалық жастар арасындағы достықты нығайтуға жәрдемдесу, мәдени әртүрлілік қағидаттарына негізделген жастар қауымдастығын дамыту.
Лагерге жыл көлемінде белсенді жұмыс істеп, ерекше көзге түскен жастар жиналады. Жоба шарты бойынша 18 бен 26 жас аралығындағы, осыған дейін осы титегі Ассамблея лагеріне қатыспаған жаңа жастар болуы шарт.
Үш күнге жоспарланған лагерь бағдарламасы жастардың әлеуетін дамытуға бағытталып, оның аясында пікірталас алаңдары, оқыту тренингтері, мотивациялық кездесулер, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ мәдени, спорттық-туристік шаралар да жоспарланған.