Вице-министр Мансап орталығының жұмысын жоғары бағалады
Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Өскемендегі Мансап орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығына қарайтын бұл мекеменің жұмыс істеп тұрғанына шамамен бір жыл болды. Осы уақыт аралығында орталық мамандары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Мекеме басшылығы хабарлағандай, жыл басынан бері жергілікті мамандардың көмегімен бес мыңға жуық адамға қызмет көрсетілген.
Оның айтуынша, жастарға қатысты да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, «Жастардың іс-тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында сәйкесінше 133 және 181 адам жұмыспен қамтылған. Бұған қоса қоғамдық жұмыстарға және жазғы каникул кезіндегі уақытша жұмыстарға тартылатын жастар бар. Бәрін қосқанда, тек жастардың арасынан шамамен 1 250 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Мансап орталығының мамандары адамдарға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қызметін көрсетеді.
Мекеменің жұмысымен танысқан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мұндағы атқарылып жатқан жұмысты жоғары бағалап, орталық қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар ол тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, келушілер тарапынан қойылған әр сауалға тұшымды жауап қайырды.
Фото: Жәнібек Ырысбай