KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚТУ-да «Бейбіт атом Қазақстанның дамуы үшін» тақырыбында семинар өтті

4.09.2024, 12:37 117 Ержан Әбіш

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Бейбіт атом Қазақстанның дамуы үшін» тақырыбында маңызды семинар өтті. Бұл іс-шара еліміздің атом энергетикасы саласындағы білікті мамандарды дайындау мен атомның бейбіт мақсатта қолданылуын насихаттауға арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Семинарға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Шара барысында қатысушылар атом энергиясының болашағы, оның экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілері жайлы өзекті мәселелерді талқылады.

– Бұл іс-шара еліміздің энергетикалық және ғылыми әлеуетін дамытудағы атом энергиясының маңызды рөлін талқылауға арналған. Қазақстан әлемдегі уран өндіру бойынша көшбасшылардың бірі ретінде атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану жолында маңызды қадамдар жасауда. Атом энергиясы – еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Бүгінгі семинар барысында біз атом энергиясының болашағы, оның экологиялық қауіпсіздігі және осы саладағы инновациялық шешімдер туралы пікір алмасатын боламыз, – деді ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсия Мәшекенова.

Спикерлер ретінде еліміздегі жетекші ғалымдар мен атом саласының мамандары шақырылды. Олар Қазақстандағы атом энергетикасының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық тәжірибе туралы баяндады.

Жиында Сәулет және құрылыс мектебінің деканы Айбек Ақаев әлемдегі атом энергетикасының қазіргі жағдайы және еліміз үшін атом энергетикасын дамыту перспективалары, VERITAS артықшылық орталығының жетекшісі Ернат Қожахметов адами ресурстарды дамыту және ядролық ғылым мен технологияларға кадрлар даярлау, Экология және тіршілік қауіпсіздігі саласындағы құзыреттер орталығының ғылыми қызметкері Тоғжан Тоқтағанов радиациялық қауіпсіздік және атом энергетикасы тақырыбында баяндамалар жасады.

Семинарда Қазақстанның атом өнеркәсібінің бейбіт мақсаттағы жетістіктері мен осы бағыттағы ғылыми зерттеулердің маңызына ерекше назар аударылды. Қатысушылар атом энергиясын қауіпсіз пайдалану, оны энергетика саласында тиімді қолдану жолдары туралы өз ойларын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда әлемде 440 атом электр станциясы бар. АЭС-терде бар болғаны үш ірі апат орын алды: Фукусима (Жапония), Чернобыль (Украина), және Три-Майл-Айленд (АҚШ). АЭС-тер қауіпсіз, себебі қазіргі заманғы технологиялар мен қауіпсіздік шаралары олардың жұмысын толық бақылауда ұстап, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Тоғжан Тоқтағанов.

Іс-шараның соңында студенттер мен жас ғалымдар арасында пікірталас ұйымдастырылды. Пікірталас барысында қатысушылар өздерінің ғылыми зерттеулерімен бөлісіп, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың мүмкіндіктерін қарастырды.

Мұндай семинарлар аталған университетте жиі өткізіліп тұрады және олар жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның инновациялық даму жолындағы жетістіктеріне үлес қосуға бағытталған.

Фото: Данияр Сағидолдин

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу