ШҚО-да «Кибер-шериф» құрылғысы іске қосылды
ШҚО-да полицейлер облыс әкімдігінің қолдауымен алынған «Кибер-шериф» құрылғысын іске қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Кибер-шериф» борттық аппараттық-бағдарламалық кешені жол жағдайын бақылауға арналған. Патрульдік көлік құралына орнатылады. Құрылғының басты ерекшелігі – кең функционалдылық, басты құралы – дрон. Ол қоршаған ортаны видеоға түсіріп, көліктердің жылдамдығын өлшейді. Сондай-ақ «Кибер-шериф» мемлекеттік нөмірлерді қашықтан тани алады және ұрланған көліктерді анықтай алады. Сонымен қатар машиналардың сақтандырылғанын, техникалық байқаудан өткен-өтпегенін автоматты түрде тексереді.
«Кибер-шериф» бір уақытта 50-ге дейін құқық бұзушылықты тіркей алады.
Бұдан басқа, облыс сақшылары жол апаттарының алдын алу мақсатында пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жасырын патрульдеу жүргізеді.
Дронды басқару мониторында тұрған инспектор радиостанция арқылы тәртіп бұзушы туралы барынша толық ақпаратты береді, нәтижесінде жақын маңдағы патрульдік бригада дереу оны ұстайды.