Қазақстан темір жолы саласының қызметкерлері АЭС маңыздылығын талқылады
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров және Ұлықбек Тұмашинов Қазақстан темір жолы саласының қызметкерлерімен жүздесіп, елімізде АЭС салудың маңыздылығын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы атом электр станцияларына қарағанда қазіргі АЭС-тің технологиялары мен қауіпсіздік талаптары айтарлықтай жақсартылған. Сондықтан қазір АЭС энергия көзін алудағы ең қауіпсіз әдіс болып саналады.
«Бүгінгі таңда елімізде әлі шикізатқа тәуелділік бар. Экономикалық даму болу үшін біз шикізатқа тәуелділіктен арылуымыз керек. Ол үшін жаңа технологиялық циклға өтуіміз қажет. Атом электр станциясы Қазақстанның эканомикасын жаңа технологиялық циклға өткізу үшін қажет. Өйткені, АЭС құрылысы салынғаннан кейін оның айналасындағы жаңа экономикалық инфрақұрылым еліміздің экономикасын жаңа дейгейге көтереді»,-дейді Республикалық халықтық штабтың мүшесі Ерлан Саиров.
Халықтық штабтың өкілдері мен сала сарапшылары жиынға қатысушыларға 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз таңдауларын жасау қажеттігін жеткізді.
«6 қазан күні өтетін референдумға келіп, өздеріңіздің азаматтық көзқарастарыңызды білдіру маңызды. АЭС салу мәселесін референдумға шығарудағы басты мақсат - шешімді халықпен бірге қабылдау», -деді Ұлықбек Тұмашинов.
Сонымен қатар жиынға қатысқан «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Манарбек Қылышқанов АЭС бойынша бірқатар нақты дәйектер келтіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.