АЭС салу – дамудың жаңа белесіне қадам басу
АЭС салуды қолдау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық халықтық штабының мүшелері Өскемен қаласының №4 бастауыш партия ұйымымен және білім саласының өкілдерімен кездесіп, атом электр станциясының тиімді тұстарын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Біздің алдымызда болашақ үшін таңдау тұр. Ол таңдау атом электр станциясының елімізде салынуына байланысты. Бүгінде халық көп шоғырланған оңтүстік өңірлерінде электр қуатының тапшылығы сезілуде. Тапшылықты одан әрі ұлғайтпас үшін бізге АЭС қажет деп есептеймін»,- деді штаб мүшесі Марина Быкова.
Жаһандық даму кезеңінде озық технологияларды, шетелдік тәжірибелерді елімізде іске асыру мәселесі өзекті. Сондықтан, 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда АЭС салу мәселесіне қатысты сұрақта халық өз таңдауын жасайды.
«Елімізде атом электр станциясын салу, ол – дамудың жаңа сатысына бетбұрыс жасау, яғни замана көшіне ілесу. Елімізде электр қуатының тапшылығы бар екендігі жасырын емес. Осы тапшылықты болдырмаудың бірден-бір шешімі АЭС деуге болады. Сонымен қатар, бұл мыңдаған жоғары білікті мамандар дайындауды қажет етеді. Шығыс Қазақстан техникалық университеті де осы салаға қажетті мамандарды дайындауға атсалысады. Бұл университетімізге, жалпы елімізге жаңа технологиялық деңгейге көтерілуіне жол ашады», - деді Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің жетекші ғылыми қызметкері Айжан Байділдина.
Сала өкілдері АЭС жайлы оң пікірлерін білдіріп, жасыл энергияны қолдайтынын жеткізді.
Оқи отырыңыз