KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 4 м/с, Ю
522.91 548.85 5.05

ШҚО әкімі: "Жолды қысқа дайындауда өткен жылдардағы олқылықтарға жол жоқ!"

25.09.2024, 12:05 181 Айжанат Бақытқызы

Биыл аймақтағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына 590 техника жұмылдырылады. Бұл туралы бүгін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиында облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов баяндама жасады. Оның айтуынша, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелеріне қызмет көрсету үшін 471 қар тазалау техникасы жасақталды, оның 424-і немесе 90 пайызы жұмыс істеп тұр.

Ал облыстық жолдарға «ОблШығысЖол» ЖШС қызмет көрсетеді. Аталмыш кәсіпорынның 119 қар тазалау техникасы бар, оның 110-ы немесе 92 пайызы жұмысқа сақадай сай.

Соған қарамастан, облыста жыл сайын қыс маусымы кезінде түрлі қиындықтар туындап жатады. Мұны мәжіліс барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев та айтты.

"Сіздердің баяндамаларыңызды тыңдасақ, бәрі жеткілікті, ешқандай мәселе жоқ сияқты. Алайда, қар қалың жауса, бірден проблемалар туындайды. Техника жолдарды қардан тазалап үлгермей жатады. Оның зардабын қарапайым тұрғындар тартады. Сол себепті, біз ең алдымен Марқакөл сияқты қар қалың түсетін аудандардағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Шемонаихада бір тәулікке жол жабылған кездер борлды, мұндайдың қайталануына жол жоқ! Бәлкім, осындай аймақтардағы шоғырланған техника санын арттыру керек шығар, қамданыңыздар", – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, облыс халқын өздері мен жақындарының қауіпсіздігіне баса назар беруге, жолдар жабылған кезде сапарға шықпауға шақырды.

"Халықты ескерту маңызды. Жол қызметтері, ТЖ және полиция мамандары көп жағдайда өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды қар кептелісінен шығарып жатады. Тағы да қайталаймын, адамдарға уақытында ескерту жасап отыру керек", – деді облыс әкімі. 

Рас, ескертуді есі кеткен ғана тыңдамас қыстыгүні. Жол тазарту қаншалықты маңызды болса, тұрғындарға дер кезінде хабарлама тарату да соншалықты маңызды болып отыр. Осы тұрғыда жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Цифрландыру басқармасымен бірлесіп мәселені шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызды әрі қоғамдық көлік түрі болып табылатын темір жол бөліктерін қардан тазартуға ден қою қажеттігі айтылды.

                                                                                                                                                   Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу