Абаттандыру барысында тарихи келбетті сақтау маңызды – ШҚО
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Өскеменнің Шәкәрім даңғылындағы жаңа саябақтың жағдайын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәдени орталықтың іргесінде орналасқан алаң тарихи келбеті сақталғанымен, айтарлықтай жөндеуден өтті. Абаттандырудың басты мақсаты қаланың мәдени-сәулет мұрасына нұқсан келтірмей, тұрғындар үшін заманауи және жайлы демалыс аймағын құру болды.
Қала әкімі Жақсылық Омар алаңға іргелес жатқан үйлердің қасбеттері де қалпына келтірілгенін атап өтті. Бұл өзгерістер шаһарға көрік беріп отыр.
Жаңа саябақта заманауи әткеншектер мен орындықтар орнатылды, бұл жер отбасылық демалыс үшін тартымды. Жаяу жүру аймақтары жақсартылды, бұл тұрғындарға ашық ауада жайлы уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Асфальт жабыны мен бордюрлар ауыстырылды.
Бұрын бұл аумақ қараусыз қалған. Шағын алаңда ағаштар бей-берекет өсіп тұрған болатын, бұл демалу үшін ыңғайсыз әрі қауіпті еді. Сонымен қатар бұл жерде қоқыс жиналатын, ластанған орын аумақтың тартымдылығын төмендететін.
Атқарылған жұмыстардың арқасында алаң түрленіп, қаланың маңызды инфрақұрылымдық нысанына айналды, енді ол барлық жастағы адамдардың демалыс аймағына айналмақ.
Саябақтарды абаттандырумен қатар, биыл бағдарлама аясында 54 тұрғын үйдің қасбеті жөнделді, жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Фото: Махаббат Ахметжанова