Ұлттық ұланның сарбаздары ардагерлерді ардақтады
Қарттар күні Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің бірі ардагерлерді қонаққа шақырып, салтанатты шара ұйымдастырса, келесі әскери бөлімнің сарбаздары көнекөздердің үйлерін аралады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық ұланның Өскемендегі 5518 әскери бөлімі қарттарды әсте естен шығар емес. Мереке аясында жасамыс жандар концерт тамашалап, ұландықтар өнеріне тәнті болды. Әскери бөлім клубында өткен кешке «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Ол мереке иелеріне мадақтамалар ұсынып, алғысын жеткізді.
Ұйымдастырушылар кеш қонақтарының бірі – күні кеше 90 жасқа толған ардагер Иван Гагаринге ерекше ықылас танытты. Құқықтық тәртіп әскеріне отыз жылын арнаған зейнеткерді сахна төріне шығарды. Отставкадағы подполковниктің өмірімен таныс болған сарбаздар ардагерге сауалдарын жолдады.
Өскемендегі 3477 әскери бөлімі 102 жасты еңсеруге шақ қалған Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваны құттықтады. «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері майданда байланысшы болған. Кейуананың қимылы ширақ, әлі тың. Өзі тамақ пісіріп, бау-бақшасына қарайды. Әскери бөлім командирі егде жанға сыйлықтарын табыс етіп, бақыт тіледі. Үй ауласында әскери өнерпаздар өнер көрсетіп, ардагерге ерекше сезім сыйлады.
Еске салайық, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 1047 әскери ардагер бар. Ұландықтар қарттарға материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, өнегелі өсиеттерін тыңдап тұрады.