KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады

akorda.kz

14.10.2024, 17:30 73 Ержан Әбіш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдап, аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындыларын талқылады.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күнге дейін егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған, орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды. Сондай-ақ диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр, бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де молынан жинау көзделген, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемі ұлғайтылған. Биыл бұл мақсатқа алғаш рет 5 пайыздық мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлініп, қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Төмен пайызбен берілетін несиелерді тиімді пайдалану және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктері жаңартылған. 

Биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Сүт өндіру көлемі де 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін арттыру және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту шаралары қабылданып жатыр. Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өнімдерін өңдеу көлемін 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, Айдарбек Сапаров ведомствоның келесі жылға арналған жоспарымен де бөлісті. Ол бойынша егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Су ресурстарын көп қажет ететін және бір дақыл түріне бағытталған алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіру басымдыққа ие болады.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу