«Қожа сотқар емес, жүрегі кіршіксіз таза бала»
Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханада көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына жүз жыл толуына орай «Шындықты шығармасына шырақ еткен» атты көрме өтіп жатыр. Көрмеге жиналған оқушылар қаламгердің танымал шығармасы «Менің атым Қожа» повесін талдап, пікірлерін ортаға салды. Альфа-ұрпақтың өкілдері шығарманың бас кейіпкері, өздерімен құрбы Қожаның іс-әрекеті туралы не ойлайтынын біздің тілшіміз біліп қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көрмеге жазушы Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары, ол кісі туралы мақалалар мен сұхбаттар жарияланған журналдар мен газеттер, отбасы мүшелері мен актерлердің мерзімді баспасөздегі сұхбаттары қойылыпты. Оқушыларды әсіресе фильмнің ең қызықты жерлері бейнеленген кадрлар көрмесі қызықтырды. Пікір талас басталмас бұрын кітапхана қызметкері Дильназ Әнуарбек классик жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, сұрақ-жауап арқылы балалардың өзін де әңгімеге тартып отырды. Кітап кейіпкері Қожамен түйдей құрдас оқушылар қазір мектеп бағдарламасында осы туындыны өтіп жатыр екен. Оқушылар шығарманы оқу және фильмін көру арасында қандай айырмашылық барын, оқиғаны қалай қабылдайтындарын ортаға салды. Танымал шығарманы ата-аналарының естелігі арқылы естіп-білген жас өркендердің назары, әрине, киносын көруге ауыпты, шығармамен танысуды содан бастаған.
Балалардың көбін ең алдымен Қожаны сомдаған Нұрлан Санжардың қазір қандай болғаны, неге басқа рөлдерге түспегені, кино әлеміндегі жолын неге жалғастырмағаны қызықтырды.
Жазушының өмірбаянымен танысып, біраз дүниеге қанық болғаннан кейін, «Менің атым Қожа» шығармасы туралы пікір алмасқан оқушылар ынталандыру ойынына қатысты. Сұрақ қойылып, жауаптар алынды, Қожаның шын есімі кім? Қожа қай мұғалімнің сөмкесіне бақа салды? Пушкиннің шығармасын мәнерлеп оқыған Қожаның сыныптасы кім?
Балалардың жауабын тыңдап отырып, Қожаның іс-әрекетіне бүгінгі құрбылары түсіністікпен қарайтынын естідік.
Олар үшін Қожа сотқар бала емес, оның балалықпен істеп қойған оғаш қылықтары бар шығар, бірақ оның кіршіксіз ақ көңілін бәрі де байқаған. Алайда бүгінгі Альфа-ұрпақтың өкілдері үшін мұғалімнің сөмкесіне бақа салу өрескелдеу көрінеді. Оқушылар Қожаның сыныптасы Жанарға деген қарым-қатынасын балалық махаббат деп түсінеді.
Қазақ киноиндустриясының классикасына айналған керемет фильмнің саундтрегі «Саржайлау» әнінің шығу тарихы мен авторы белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев туралы мағлұмат алған оқушылар кездесу соңында осы әнді караокемен шырқады.



