Жүргізуші куәлігін алғыңыз келсе...
Елімізде «Азаматтарға арналған үкіметтің» электронды қызметтері дамыған сайын жүргізуші куәлігін алу әлдеқайда жеңілдеп келеді. Дегенмен, жүргізуші куәлігін алу үшін Мамандандырлыған халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. Бүгінде осындай жаңартылған кеңселер Өскеменде де тиімді жұмыс істеп тұр. Осы және басқа да қызметтер жайында Altainews.kz тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Азамат Рахимжановтан сұрады.
– Азамат Айтқұрманұлы, жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындар нені білуі керек ?
– Бүгінде жүргізуші куәлігін рәсімдеу шаралары Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жасалады. Ол жерде бірнеше құжат ұсыну қажет. Олар: жеке куәлік, 073 медициналық анықтама, дайындық курсын аяқтағаны туралы куәлік, мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат. Жүргізуші куәлігін алу үшін төленетін мемлекеттік баждың көлемі – 1,25 айлық есептік көрсеткіш. Осы құжаттарда алып, азамат жергілікті Мамандандырылған ХҚКО-ға келіп теориялық емтихан тапсырады. Теориялық емтихан тапсыру үшін үміткерлер https://booking.gov4c.kz сайты арқылы алдын ала емтихан тапсыруға жазылу қажет. Бұл жерде ең бастысы – теориялық емтиханды сәтті тапсыру. Егер емтихан сәтті тапсырылмаса, онда теориялық және практикалық емтиханды қайта тапсыру келесі жұмыс күніне қалдырылады, келесі күнге де сайт арқылы алдын ала жазылу керек. Теориялық емтиханды тапсырудың екі теріс нәтижесі кезінде келесі теориялық емтихан кемінде бір айдан кейін өткізіледі.
Айта кетейін, теориялық емтиханды сәтті тапсырған соң бірден практикалық емтиханға алдын ала осы сайт арқылы жазылып, тапсыру қажет. Әзірше Өскеменде автоматтандырылған автодром ашылған жоқ, сондықтан практикалық емтихан Назарбаев көшесі, 59-шы ғимарат мекенжайында орналасқан оқу комбинатында тапсырылады. Егер практикалық емтиханды тапсырудың үш теріс нәтижесі болса, кандидат қайта теориялық емтихан тапсыруға кемінде екі айдан кейін жіберіледі. Жаңа ереже-талап осындай.
– Түсінгеніміз, жол жүру ережесін жақсы білетін әрі көлікті тәуір жүргізе алатын үміткер бір күнде екі емтиханды да тапсырып, тіпті жүргізуші куәлігін де ала алады ғой, иә?
– Әлбетте, мысалы, түске дейін құжат пен теориялық емтиханды сәтті тапсырып, түске қарай практикалық емтиханға үлгерсеңіз, бірер сағаттың ішінде жүргізуші куәлігі де дайын боп қалады. Бірақ бір күнде көлік басқару құжатын алатындар некен-саяқ. Көбі екі-үш күнде алады. Мұны жүргізуші куәлігіне құжат тапсыруға дайындықсыз келетіндердің көптігімен байланыстырамын. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз, сәтті өткен болып есептеледі.
– Ал мерзімі аяқталып қалған жүргізуші куәлігін қалай ауыстыруға болады?
– Бұл енді тіптен оңай, жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаннан кейін оны ауыстыру кезінде теориялық және практикалық емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Электронды портал арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы 30-40 минут ішінде ауыстыруға мүкіндігіңіз бар. Тек дайын құжатты алу үшін Мамандандырылған ХҚКО мекенжайын дұрыс белгілеп, дайын деген СМС келгенде барып алып кетесіз. Мұндай онлайн алуға мүмкіндігіңіз жоқ болса, орталыққа келіп ауыстыруға болады.
Ал көлік құралын басқару құқығынан айырылған болсаңыз, жаза мерзімі аяқталғаннан кейін теориялық емтиханды қайта тапсыруыңызға тура келеді.
– Өскемендегі Мамандандырылған ХҚКО (көпшілік АвтоЦОН деп те жатады) жаңа ғимаратқа көшті, жұмыс барысы қалай?
– Иә, Өскемендегі Мамандандырылған ХҚКО-ның мекенжайы 26 тамыздан бастап өзгерген. Самар тас жолы, 23 мекенжайында орналасқан жаңа ғимаратта азаматтарды қабылдайды. Бұған дейін Мамандандырылған ХҚКО Абай даңғылы, 203/3 мекенжайы бойынша жұмыс істейтін. Жаңа Мамандандырылған орталықта мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ыңғайлы автотұрақ бар. Енді мұнда сіз теориялық емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін қайта рәсімдей аласыз. Жақын арада автодром іске қосылады. Қазір автодромды «Азаматтарға арналған үкімет» балансына беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Автокөлікті тіркеуде өзгерістер болған еді, сол жөнінде толығырақ айта кетсеңіз?
– Иә, көлікті қайта тіркеу процесі жеңілдетілді. Осы жылдың 23 сәуірінде ІІМ-нің көлік құралдарын тіркеу және есепке алу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енген. Бұрын көлік құралын қайта тіркеу үшін автокөлікті сатып алу-сатудың нотариалды куәландырылған шарты қажет болатын. Енді Мамандандырылған ХҚКО қызметкері электрондық құжатты жүйеде қалыптастыра алады, ал сатушы мен сатып алушы eGov mobile қосымшасының көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы құжатқа қол қоя алады. Айта кету керек, бұл қызмет «Азаматтарға арналған үкіметке» тиесілі. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың ыңғайлығы үшін және көлік құралын тіркеу кезіндегі сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында енгізілді. Енді мемлекеттік корпорацияның, ішкі істер министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ақпараттық жүйелерінің ықпалдасуының нәтижесінде автокөлікті қайта рәсімдеу процесі ашық болады. Мәмілені тіркеу кезінде жалған қол қою мүмкін емес. Қызмет алушылар жүгінген кезде Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының операторы сатушы мен сатып алушы туралы, сондай-ақ көлік құралы жайлы мәліметтерді жүйеге енгізеді. Осыдан кейін жүйе автоматты түрде мәміленің электрондық жазбаша формасын қалыптастырады және экранға QR-код шығарылады. Оны сканерлегеннен кейін автокөлікті сатушы және сатып алушы тараптар құжатпен танысып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қоя алады.
– Жемқорлықтың жолын кесу – жіті назарда. Бұл ретте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында анықталған сыбайлас жемқорлық фактілерін қоғам үрке қабылдайтындай. Әлеуметтік желіде осы тектес ақпараттар көп оқылады. Иә, жыл сайын жүргізуші куәлігін заңсыз беру, көліктерді заңсыз тіркеу фактілері анықталады. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығы қол қусырып отырған жоқ. БАҚ құралдары немесе басқа да деректер арқылы анықталған фактілерді халыққа қызмет көрсету орталығының қауіпсіздік қызметі назарға алады. Сосын ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлайды.
Корпорация басшылығы сыбайлас жемқорлық ықтималдығын азайту мақсатында бірнеше міндетті қолға алған. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кейбір қызметті бір жүйеге тоғыстырудың өзі адами факторларды азайтуға септігін тигізген. Сол секілді корпорация азаматтарға кез келген қызметті еш кедергісіз әрі жылдам алудың мүмкіндігін қарастыруға әзір. Бүгінде автокөлік сатып алуды ойлаған азаматтар Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып сабылмайды. Екінші деңгейлі банк арқылы көлікті рәсімдеуге де, көліктің тіркелгені туралы куәлікті алуға да болады.
Түйіндесек, қазір әлеуметтік желілердегі жүргізуші куәлігін алу туралы жылт еткен ақпараттарға сенуге болмайды. Интернеттегі алаяқтардың сөзіне сеніп, жер сыйпап қалғандар жеткілікті. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының мамандары ғаламтордағы ақпаратқа сенбеуге, жүргізуші куәлігін тек заңды жолмен алуға кеңес береді. Мен Сіз арқылы газет оқырмандарына жүргізуші куәлігін заң жүзінде қалай алуға болатынын түсіндіріп отырмын.
– Жақсы, әңгіме соңында Мамандандырылған ХҚКО-ның жұмыс кестесін еске салып өтсеңіз.
– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Ол дүйсенбіден жұмаға дейін 9.00-ден 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз, сенбіде 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жыл басынан бері Өскемендегі Мамандандырылған ХҚКО 128 мыңға жуық қызмет көрсетті, оның 103 мыңы – көлікті тіркеу, 25 мыңы – жүргізуші куәлігін беру. Облыс бойынша 63 мыңға жуық тұрғын көлікті онлайн тіркеген.
Ержан Әбіш