Тарбағатайдағы интернет мәселесі – назарда
depositphotos.com
Тарбағатай ауданында интернетке қолжетімділік бүгінгі таңда өзекті мәселелер қатарында, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Тарбағатай ауданында халықтың 86,4%-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. Алайда, 8 ауылда мобильді ғаламтордың жоқтығы және оның төмен жылдамдығы әлі де шағымдар тудырып отыр.
Бұл мәселелер ұялы байланыс операторларымен бірлесіп шешілмек. Сонымен қатар аудандағы 20 мектептің 17-сі жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.
Ал Қытаймен шекарадағы Жаңаауыл, Ахметбұлақ және Асусай ауылдарындағы 3 мектепте интернет орнату қиындықтары бар, себебі бұл аймақтар шекаралық болғандықтан техникалық себептер туындап отыр.
Сонымен қатар жолдардағы интернет пен ұялы байланыс сапасы да сәрсеңге салуда. Тұрғындар мен туристер жолда ғаламтор мен ұялы байланыстың бірде бар, бірде жоқтығына жиі шағымданады. Осы мәселені шешу үшін бүгінгі таңда республикалық жол бойындағы екі жерде антенна-діңгектік құрылым салу жұмыстары жүргізілуде.