KZ
Өскемен
-5°
ясно жел 1 м/с, В
497.26 525.21 4.97

Тамара Дүйсенова: «Ұлттық қолөнер туындылары туристердің жоралғысына айналуы керек»

Фото: Махаббат Ахметжанова
Фото: Махаббат Ахметжанова
Бүгін, 15:45 37 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында "Ауыл аманаты" бағдарламасының жүзеге асу барысымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы танысты. Осы мақсатта бағдарлама аясында несие алған кәсіпорындардың көрмесі ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Этнотуризмді ұлттық нақышта дамытуға арналған жабдықтарды сатып алу үшін 21 030 000 теңге көлемінде несие алған "Хуан Харшыға" жеке кәсіпкерлігінің бастамасы Тамара Дүйсенованың жоғары бағасына ие болды. Кәсіпкер ұлттық нақыштағы күміспен көмкерілген белбеу мен қамшы жасаса, оның жары сырмақ басумен айналысады.

– Қай елге барсаңыз да, олар өз ұлттық құндылықтарымен қарсы алады. Біз де қазақтың қолмен басылған сырмақтары арқылы өз мәдениетімізді таныта аламыз. Бұл – керемет құндылық. Ұлттық қолөнер туындыларының қолданысын кеңейтіп, оларды туризмнің өзегіне айналдыру қажет. Шетелден келген туристер Қазақстанның осындай ерекше бір бөлшегін өзімен бірге алып кетуі керек, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ұлан ауданындағы кәсіпкерлер этнотуризмді дамыту мақсатында Бозанбай ауылының маңында Этноауыл жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ауылдың маңында киіз үйлер тігіліп, туристер таза ауада демалып, қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көре алады. Сол арқылы олар атқа міну, түйе байлап шұбат сауу, биені байлап қымыз жасау, бүркіт ұшыру секілді қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен танысады.

Этноауылда ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары да сатылымға шығарылады, бұл жергілікті қолөнерді дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу