KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

АИТВ инфекциясының таралу көрсеткіші бойынша ШҚО екінші орында

Фото: kaz.globalnews.kz

25.08.2023, 10:43 232

Жуықта еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният АИТВ инфекциясы көп тараған облыстардың қатарында ШҚО-ны да атады.

Облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының эпидемиолог-дәрігері Татьяна Башкирцеваның айтуынша, облыста жұқпалы дертке қатысты эпидемиологиялық ахуал әлі де шиеленісті болып тұр.

АИТВ инфекциясының таралуы бойынша ШҚО республикада екінші орында. Аурушаңдықтың интенсивті көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда  –  29,4, өткен жылы – 31,2 болды, жеті айдың ішінде аурушаңдықтың бес пайызға төмендегенін көреміз. Дегенмен жыл сайын инфекцияны жұқтырғандар санының артқаны байқалады. 2023 жылғы 30 маусымдағы мәліметке сәйкес, облыста АИТВ инфекциясы бар 5102 адам тіркелген.

Аурушаңдық көрсеткішінің артуы – қауіпті инфекцияны анықтау жұмыстарының жүйелі әрі тиімді жүргізілуінің нәтижесі. Жүкті әйелдерге мониторинг жасау,  АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың жыныстық қатынастағы серіктестерін белсенді анықтау, индексті тестілеуден өткізу – осы сияқты іс-шаралар бізге қауіпті дертті жұқтырғандарды көбірек анықтауға мүмкіндік берді, – деп түсіндірді эпидемиолог-дәрігер Татьяна Башкирцева.

Маманның айтуынша, облыста жұқпалы инфекция тіркелмеген өңір жоқ. Тарбағатай, Күршім, Зайсан сияқты шалғай аудандарда бірлі-жарым кездессе, өнеркәсібі дамыған өңірлерде жаман дерт өршіп тұр. Аудандар арасында Риддер (53,7) көш басында, Шемонаиха – 49,9, Алтай ауданы – 48,8, Глубокое ауданы – 40,4. АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 78,8 пайызы – 20-49 жас аралығында, нағыз белсенді өмір сүретін, жұмыс істейтін жастағы адамдар.

– Қазір АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың портреті мүлде өзгерген. Бұрын басым бөлігі нашақорлар болса, қазір жағдайы жақсы, тіпті лауазымды қызметте істейтіндер де кездеседі. Өйткені қазір нашақорлар инъекциялы есірткіден гөрі әртүрлі қоспаларды көбірек пайдаланады, шөп тартады. Бүгінде инфекцияның таралуында бірінші орында қорғалмаған жыныстық қатынас тұр – аурудың 64,6 пайызы осы жолмен жұғады. Есірткі қолданумен таралу екінші орында, науқастардың 29,3 пайызы инфекцияны көк тамырға есірткі жіберу кезінде жұқтырған, – деп атап өтті эпидемиолог-дәрігер.

Татьяна Михайловна түсіндіргендей, облыста жүкті әйелдерді АИТВ инфекциясына тексеру қатаң бақылауға алынған, олардың кем дегенде 98 пайызы мониторингпен қамтылады. Егер АИТВ инфекциясын жұқтырған жүкті әйел орталықта диспансерлік есепте тұрса, тағайындалған ем-домын жібермей, бекітілген кестемен ішіп жүрсе, дерт шаранаға жұқпайды. Босанған кезде шарана кесер тілігімен алынады. Сондай-ақ сәбиді анасының сүтімен емізуге болмайды.

– АИТВ инфекциясын жұқтырған 26 анадан бірінші жартыжылдықта 27 нәресте дүниеге келді, оның ішінде он бес бөпе Өскемен қаласында туды. Олардың барлығының дені сау, бөбектер бір жарым жасқа дейін диспансерлік есепте тұрады, олардың денсаулығы қатаң бақылануда, – деді Татьяна Башкирцева.

Бүгінгі таңда вирусты толық жою, дерттен құлантаза айығу мүмкін емес. Алайда науқас емін үзбей, препараттарды үнемі қабылдап жүрсе, қандағы вирустық жүктеме анықталмайтындай деңгейге түседі, осы көрсеткіш 95 пайыздан кем болмауы керек, өңірдегі көрсеткіш – 87 пайыз. Егер емделіп жүргендер дәрігердің барлық шараларын орындап жүрсе, олардың өмір сүру сапасы жақсарып, Алла берген жасын сүруге мүмкіндіктері бар.

 –  Вирус жұқтырғандарға барлық дәрі-дәрмек тегін беріледі. Орталықта препараттардың жеткілікті қоры бар. Ғалымдар жыл сайын жаңа зерттеулер жасап, қорытынды шығарып отырады. Емдеу хаттамасы екі жыл сайын жетілдіріледі. Егер вирустық инфекция басталған алғашқы жылдары науқастар дәрілерді 15-20 таблеткадан, уыстап ішсе, қазір күніне заманауи соңғы буын препараттардың бір-екі таблеткасын ғана қабылдайды, – деп жалғастырды маман.

 

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу