«Менің мамандығым – мұғалім»
Фото: pexels.com
Келелі сөздің кіріспесі таным көкжиегін кеңейте түсетін мұғалім мамандығының менің өмірімдегі орны турасында болмақ. Асылы, адамзаттың әрбірі мұғалім атты маманның алдынан өтері хақ. «Алты алаштың басы қосылса, төрден орын алатын» мамандық иелерінің тарих төріне тақ орнатары да ақиқат емес пе?! Ұлы ұстаздардың ізін екшелей басып, мұғалімдік жолдың әлеміне еніп келе жатқанымды ойласам, кеудемді еріксіз мақтаныш сезімі билеп, бойымды тылсым бір күш баурап алады.
Менің мамандығым – мұғалім. Мамандық таңдауда әсте қателеспеу керек екендігін еш уақыт естен шығарған емеспін. Мамандығыма деген кіршіксіз махаббатым – мен ес білгелі пайда болған еді. Бір қарағанда қарапайым көрінетін, үңіле түссең ойландыратын, еңбек етсең еңсең көтерілетін бұл жол әркім үшін әртүрлі – ақ. Десе де, өз жолымды дара етемін деген ұстаныммен өз мамандығымды тағынан тайдырмай, болмысына кірбің түсірмейтініме сенім білдіріп, бүгінде білім алып келемін. Жер жүзіндегі әрбір мамандық иелерінің өзіндік ерекшеліктері болары анық. Алайда, менің мамандығымның ең ұтымды әрі ешкімге ұқсамайтын артықшылығы – сол бір мамандық иелерін даярлауында. Яғни, ақын да ғалым да, биші де батыр да ұстаз атты ұлы ұғым иелерінен тәрбиеленіп шығады. «Көңілдегі көрікті ой – ауыздан шыққанда өңі қашады» - деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, мамандығым туралы орамды ойымды ұтымды жеткізуге бекіндім.
Тіке қарасаң кеудеден, қырын қарасаң иықтан қағып қалар ақпараттар ағымы желдей жүйткіге заманда, креативті әрі білікті педагог болу қажырлы еңбекті талап етеді. Мемлекетімізде мұғалім мамандығын таңдаған жастарға жаппай қолдау көрсетіліп келе жатқандығын ескерсек, жауапкершіліктің еселене түскендігін аңғарамыз. Мұғалімдік мамандыққа ұлтқа жанашыр, рухани азығы мол жастардың жол тартып келе жатқаны көңілге еріксіз қуаныш ұялатады. Себебі, мұғалім болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Мұғалім мамандығына машықтанған бес минуты кем маман ретінде мен өз мамандығымның мүмкіншіліктерін шексіздікке балаймын. Қай жағынан алып қарасаң да ешкімге зияны тимейтін, бар білгенін үйретуге асық, білім мен тәрбиенің ұясында қызмет ететін мұғалімдіктің межесі биік – ақ. Сананы сілкіндіріп, сөз кестесін жауһардай тізетін мұғалімдік мамандықтың арқалайтын жүгі – әрбір шәкірттің өміріне тікелей әсер етеді. Ең маңыздысы да осы. Алдыңа келген шәкірттің ешкім аңғара қоймаған ерекшелігін танып, шығармашылық қабілетін жетілдіру жолында жан – жақты зерттеу жүргізесің. Шәкіртке үлгі болып, өзіңе деген кіршіксіз сыйластықты алар болсаң – ең биік жетістікке қол жеткізгенің. Шоқтығы биік бар мамандықтың иесін мұғалім даярлап шығаратындығын ескерер болсақ, сәл шалыс басу – ұлтқа қиянат жасаумен пара – пар екендігіне тағы көз жеткіземіз. Шәкірттің жұлдызын жағып, өмірдегі орнына кірпіш болып қалануына ықпал етер болсақ қана, ұлт алдында еңсе көтеріп жүре аламыз.
Адам мен табиғатты, ақ пен қараны, мұң мен қуанышты, жеңіс пен сәтсіздікті, жақсылық пен қиянатты, жақындық пен сатқындықты, махаббат пен кекті, таным мен тағылымды, білім мен білікті, тәртіп пен талапты таныта білетін – мұғалім мамандығы. Ұлттық руханиятқа риясыз еңбек ететін, адалдықтың ақ туын көтеріп, ар алдында ақ болуға тәрбиелейтін мамандыққа айтылар мадақ сонау ежелден – ақ дәстүрге айналған. Мен де өз мамандығымды қанша марапат етсем де талмасым анық. Саф күйінде сақталып, атына ешбір дақ түсірмейтін мамандықтың төрі биік болса деген асқақ арманым бар. Сол арманыма тамшыдай үлес қоссам деген үмітпен өзімді әркез қамшылаймын. Ұлт тәрбиесі қос алақанымда тұрғандай күй кешіп, мамандыққа деген адалдық ұстанымын әуелден мақсат еттім. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген халық даналығы да менің сөзіме нақ дәлел болады.
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» - деп Серке Қожамқұлов тілге тиек еткендей, ханның да қараның да ұстазға борыштарлығын ұғына түсеміз. Сондай – ақ әрбір құбылыстың қос ұшы болатындай, мұғалімдік мамандықтың атын жамылып, астыртын арамдық жасайтын адамдардың барын жасыра алмаймыз. Ауруын жасырған өледінің кейпін кимес үшін, ұлтқа қиянат жасаушыларды қызғыштай қорығанымыз абзал. Ар алдында арқалайтын жауапкершілікті әсте қапыда қалдырмағанымыз жөн. Әлемнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы әл – Фарабидің философиялық ойларына үңіліп, Абайдың ұстаздыққа берген бағасын оқыр болсақ, сөзсіз өз бағытымыздан таймаспыз.
Қорыта келгенде, мен де Жүсіпбек Аймауытұлы айтқандай, «әр бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем етуді» яки өзім де аталмыш мамандықтың мінбесіне шығып, өскелең ұрпаққа тәлім беруді алдыға қойып келемін. Шәкірт жүрегімен үндесіп, көңіл тілімен тілдесе білсем, өзімді ең бақытты мамандық иесіне әркез балар едім.
Көркемжан Қанат,
М.Дулати университетінің студенті