Міндетті әлеуметтік сақтандырудың қандай артықшылықтары бар
Фото: pexels.com
Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың қатысуы қамтамасыз етілген халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасты.
Нарықтық экономика жағдайында рөлі басым болып саналатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін халық үшін Қазақстан Республикасында 2005 жылдан бастап енгізілген халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің екінші (қосымша) деңгейі болып есептеледі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік аударымдарды жинақтайтын және әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыратын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) жұмыс істейді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылужағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдерді қамтиды.
Бұл жүйенің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі – жүйеге қатысу міндеттілігі және жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту деңгейін арттыру.
Әлеуметтік аударымдар жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жұмыскер табысының 3,5% мөлшерлемесі бойынша төленуге тиіс. Бұл ретте Әлеуметтік кодекспен бір ең төмен жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғары мөлшері айқындалған.
Әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі 25-ші күнінен кешіктірмей жүргізу қажет. Әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуін бақылау салық органдарына жүктелген.
Мемлекет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің тұрақты орындалуына кепілдік береді. Өз кезегінде, төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды толық және уақтылы төлеуі жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдардың төленген сомасына, сондай-ақ оларды төлеу ұзақтығына тікелей байланысты. Дәл осындай қағидат бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі де жұмыс істейді.
Қордың мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес процесі ашық, өйткені төлемдерді тағайындау үшін қалыптастырылған электронды іс макеті қорға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан немесе электронды форматта келіп түседі. Осылайша, әлеуметтік аударымдардың түскен сомалары туралы ақпарат алуға және әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі жөнінде түсініктеме алуға жүгінетін жағдайларды қоспағанда қор қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысы барынша азайтылған.
Әлеуметтік аударымдардың төленген сомалары туралы ақпараттың жұмыс істейтін халыққа қолжетімді болуы маңызды.
Қазір egov.kz. электронды порталы, банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) және қор филиалдары арқылы әлеуметтік аударымдардың түсуі туралы ақпаратты алуға болады.
Тұтастай алғанда, жұмыс істейтін азаматтар базалық мемлекеттік жәрдемақылармен қатар қордан әлеуметтік төлемдерді ала отырып жұмыс істемейтіндерге қарағанда артықшылыққа ие болады. Осыған байланысты еңбек шарттарының болуы жұмыскерлерге тек еңбекке қатысты емес, сонымен қатар әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде де әлеуметтік кепілдіктер береді.
Бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттырып, халықты жұмыспен қамту үшін ынталандыра отырып еліміздің әлеуметтік-экономикалық қатынастарының маңызды және қажетті элементіне айналып отыр.
Жүйе туралы толық ақпаратты қордың www.gfss.kz сайтынан немесе Instagram-дағы gfss, Facebook және Youtube-тегі @gfsskaz ресми аккаунттарынан, сондай-ақ филиалдың Instagram-дағы gfss.vko парақшасынан және 8-7232-293-242 телефоны арқылы хабарласып алуға болады.
«МӘСҚ» АҚ облыстық филиалы