Тозығы жеткен техника жаңартылуы тиіс
Өңірде ескі техниканы есептен шығарып, машина-трактор паркін жаңалау деңгейі төмен. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығына қажетті көліктер мен құрал-жабдықтарды жаңарту жөніндегі бекітілген жоспарлы көрсеткіштің 5,5 пайызынан 2,3 пайызы ғана орындалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы аптада елдегі 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттыру көзделген Жол картасын іске асыру жөнінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы өтті. Бірқатар бағытта ағымдағы жылдың 10 айы бойынша көрсеткіштер баяндалған жиында ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту ақсап тұрғандығы айтылды.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта ірі шаруа қожалықтарының өзі техника паркін толықтай жаңартуға қауқарсыз. Негізінен пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттарына сәйкес, тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Ал іс жүзінде, елде ескірген техника көп. Ауыл шаруашылығы саласындағы көліктер мен шаруашылық құралдарының көпшілігінің мерзімі өтіп кетсе де, қолданыстан шығарылмаған.
Көпшілікке мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жалпы өнімнің көлемін 2 есеге арттыруды тапсырып, Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеген еді. Жуықта өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің I форумында ел Президенті агросектор әлеуетін толық пайдалану үшін өнім өндірушілерді заманауи техникамен тез арада жарақтандыру қажеттігін айтты. Осы мақсатпен биыл елімізде 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн шығарылған.
Айта кету керек, осы форумда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойылғандығы және бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлінгені айтылды.
Арайлым Нығметоллақызы