KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, С
524.66 550.21 5.09

Самар ауданының агроөнеркәсіп кешені: жетістіктер мен жоспарлар 

Фото: pexels.com

16.12.2024, 17:00 148 Гульжан Мусина

Самар ауданы агроөнеркәсіп кешенінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда тұрақты өсім көрсетуде. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізін құрайтын маңызды сала болғандықтан, оны дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.  

Аудандағы мал шаруашылығының дамуы айтарлықтай қарқын алып келеді. Қазіргі таңда аудан аумағында ірі қара малдың ет бағыты бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстармен айналысатын 5 шаруа қожалығы мен ет бағытындағы 2 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген. Бұл шаруашылықтарда жалпы саны 1 147 бас ірі қара мал бар. Бұл көрсеткіш ауданның мал шаруашылығында асыл тұқымды малдың санын арттыру арқылы өнім сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін айғақтайды. 

– Самар ауданының ауыл шаруашылығы техникасы паркі де үнемі жаңартылып отырады. Қазіргі уақытта аудан бойынша 1 446 ауыл шаруашылығы техникасы есепте тұр, оның ішінде 934 трактор, 162 комбайн, 235 тіркеме, 117 жол-құрылыс және басқа да техникалар. 
2024 жылдың басынан бері 42 жаңа техника сатып алынды, оның ішінде 37 трактор, 5 комбайн және 14 тіркемелі агрегат бар. Бұл техникаға жұмсалған қаражат көлемі 877,95 млн теңгені құрады. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары аудан шаруашылықтарының өндірістік қуатын арттырып, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Майкенев. 

Ауданда егістік алқаптардың құрылымы да жоспарлы түрде дамуда. Жалпы егістік жер көлемі 66 166 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 38 520 га, майлы дақылдар – 25 500 га, көкөніс және бақша дақылдары – 98 га, мал азықтық дақылдар – 2 060 га, жүгері – 300 га. 

Самар ауылындағы Ешкібай су қоймасының су бөгетімен суарылатын жерлердің жалпы көлемі 751 гектарды құрайды. 2024 жылы суармалы жерлердің көлемі 500 гектарға жетті, ал болашақта бұл көрсеткішті тағы 130 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Суармалы жерлерді көбейту ауданның ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруда маңызды қадам болмақ. 

Самар ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен рөл атқаруда. 2023 жылы аудан бойынша 11 жобаға 89,7 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 7 жоба мал шаруашылығына бағытталды, 3 жоба шағын өнеркәсіпті дамытуға арналды, 1 жоба туризм саласын дамытуға жұмсалды. 

Бағдарламаның арқасында ауыл тұрғындары өз бизнес-идеяларын жүзеге асырып, шағын шаруашылықтарын дамыта алды. Бұл бастамалар ауданның экономикалық белсенділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. 

Самар ауданының агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктері – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жоспарлы және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы, техника паркін жаңарту және егістік алқаптарын тиімді пайдалану – ауданның болашақтағы табысты дамуына негіз болмақ. Алдағы жылдары агроөнеркәсіп кешеніндегі бастамалар ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. 

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу