Қазақ қызы әлемнің ең биік шыңын бағындырмақ
Фото: Kazakh Everest Team
Отандық альпинист Анар Бурашева 6 сәуірде қазақ қыздары ішінде алғашқы болып әлемнің ең биік шыңы - Эвересті бағындыруға аттанады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Baribar.kz порталына сілтеме жасап.
Қазақстандық Kazakh Everest Team спорттық-патриоттық экспедициясы 6 сәуірде планетадағы ең биік шың – Эверест шыңын бағындыруға аттанады. Экспедицияның мақсаты – Эвересте Қазақстанның мемлекеттік туын көтеру. Сонымен қатар экспедиция бұл сапарды Қазақстанның көрнекті батырлары –Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетовтің, Рақымжан Қошқарбаевтың және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнайды.
Экспедицияның идеялық шабыттандырушысы – Анар Бурашева. Ол гендерлік теңдік мәселесі альпинизмде де көтерілуі керек деп есептейді. Эвересті бағындырудың бүкіл тарихында бұл шыңға 799 әйел шыққан. Ал Анар – бұл шыңды бағындыруды мақсат еткен бірінші қазақ қызы.
Экспедиция басшысы болып аты аңызға айналған отандық альпинист, қорғаныс министрлігінің арнайы операциялар күштерін тау-кен даярлау орталығының майоры Мақсұт Жұмаев тағайындалды.
Экспедиция екі айға созылады.
Анар соңғы бес жыл ішінде Талғар (4979 метр), Монблан (4809 метр) және Килиманджаро (5895 метр) сынды бірнеше шыңдарды бағындырған.