KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 2 м/с, В
522.63 548.66 5.07

Білімді ұрпақ - ел болашағы

pexels.com

19.12.2015, 11:30 33 Төлеуғазы Жансая

Білім саласы – қоғамның өркендеуі мен дамуының негізгі факторларының бірі. Өйткені, тек білімді ұрпақ қана қоғамды жаңа деңгейге көтеріп, ғылым мен технологияның алдыңғы қатарында бола алады. Білім беру жүйесінің жағдайы өскелең ұрпақтың білім деңгейіне әсер етеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне ақпараттық технологиялар мен инновациялардың енгізілуі білім сапасын арттыруға ықпал етуде. Электрондық оқулықтар, онлайн курстар мен платформа арқылы білім алу мүмкіндіктері оқушылар мен студенттерге жаңа білім алу жолдарын ұсынады. Елімізде соңғы жылдары білім беру жүйесіне жасалып жатқан реформалар жаңа талаптарға жауап беріп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар дайындауды көздеуде.

Өскемен қаласында білім саласының дамуында өзгерістер мен жетістіктер аз емес.

Өскемен қалалық білім бөлімінің дерегіне сүйенсек, облыс орталығында 186 білім беру нысаны бар, оның ішінде:

- 15 мыңнан астам баланы қамтитын 103 мектепке дейінгі ұйым (мемлекеттік балабақша - 37, жеке меншік балабақша – 51 және шағын орталық - 15);

- 50 мыңға жуық оқушыны қамтитын 56 орта білім беру ұйымы (орта мектеп - 49, жеке меншік мектеп - 3, түзеу мекемелері жанындағы кешкі мектеп - 2, коррекциялық мекеме - 2);

- 16 мыңға жуық баланы қамтитын 7 қосымша білім беру ұйымы;

- 15 мыңға жуық студентті қамтитын 20 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы;

- 836 баланы қамтитын 8 арнаулы білім беру ұйымы.

Қалада үш ауысымда оқытатын немесе апатты жағдайдағы мектеп жоқ. Биыл «Нұрлы жол» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Онда химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған 10 заманауи кабинет жабдықталған.

«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында үш мектеп салынып жатыр. Атап айтсақ, Уәлиев көшесінде 600 орындық, Тимофеев көшесінде 300 орындық және І.Есенберлин даңғылында 600 орындық білім ордасы бой көтеруде.

-Үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%, екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 98,7% құрап отыр. Кезекте 2-3 жас аралығындағы 1 430 бала бар. Тапшылықты азайту үшін жылдың соңына дейін 679 орындық 11 мектепке дейінгі ұйымды ашу жоспарланып отыр,-дейді Өскемен қалалық білім бөлімі баспасөз қызметінің өкілі.

Биыл №2 жалпы білім беретін мектеп пен Математика, физика, информатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейіне күрделі жөндеу, одан бөлек 14 мектеп пен балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Қалалық білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді дамытуға да көп көңіл бөлінуде. Мәселен, өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қонақжай отбасы» жобасына Өскемен қаласынан 24 бала қатысып, қаймағы бұзылмаған қазақы орта - Катонқарағай ауданындағы отбасылармен тұрып, қазақ тілін ауызекі сөйлеуге үйренді.

Білім жүйесіндегі өзгерістердің тағы бір маңызды саласы – инклюзивті білім беру. Әлемде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастар үшін арнайы білім беру жүйелері енгізілуде. Өскемен қаласында бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл балалардың әлеуметтенуіне, білім алуына және өмір сүру сапасының артуына жол ашады.

Өңірімізде білім беру жүйесінің сапасы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын айтуға болады. Алайда, әлі де болса жетілдіретін тұстары да жоқ емес. Болашақта білім саласының дамуы үшін инновациялық технологиялар мен әдістерді енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, инклюзивті білім беру сияқты мәселелер жетілдіре түсуді қажет етеді.

Әрбір жеке тұлғаның, ұлттың, мемлекеттің болашағы білім сапасына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, білім сапасын арттыру қазіргі таңда басты міндеттердің бірі. Білім саласының дамуына жұмсалған күш-жігер қоғамның гүлденуіне септігін тигізері сөзсіз.

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу