ШҚО шаруалары заманауи технологияларды игеріп жатыр
Фото: pexels.com
Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласында соңғы уақытта топыраққа минералды тыңайтқыштар енгізу, ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану, арнайы техника паркін жаңарту ерекше назарда. Сонымен қатар, өңірдегі егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі де қатаң бақылауда. Бұл туралы ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова айтып берді, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Жалпы, ШҚО-да егіс алқаптарының құрылымын өзгерту қажеттілігі жол картасы аясында жоғары рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен байланысты.
ЕГІС АЛҚАПТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
Жол картасы аясында, 2024 жылы Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдар егісінің көлемін 4,2 мың гектарға қысқарту көзделген. Сонымен қатар, майлы дақылдар егісін 6,8 мың гектарға, ал аса қажет мал азығы дақылдарының көлемін 3,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.
– Дәнді және бұршақ дақылдары – 283,4 мың гектар, – деп мәлімдеді Ажар Қажыбекова. – Олардың жалпы егіс алқабындағы үлесі – 44%.
Еске салайық, 2023 жылы бұл көрсеткіш 45,4%-ды құраған, оның ішінде бидай – 187 мың гектар. Майлы дақылдарға 219 мың гектар бөлінді, олардың үлесі – 33,9%. Мал азығы дақылдары 125 мың гектарды алып жатыр, олардың үлесі – 19,4%. Картоп егіс көлемі өзгеріссіз қалды – 11,6 мың гектар. «Екінші нанның» үлесі – 1,8%. Көкөніс және бақша дақылдары 6,1 мың гектарға егіліп, олардың жалпы үлесі – 0,9%.
Бұл шаралар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және өңірдің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
ТОПЫРАҚТЫ ТЫҢАЙТУ
Сарапшылардың пікірінше, тұрақты құрғақшылық жағдайында гектардан алынатын өнімділікті арттыру үшін топырақты қоректендіру басты шарт. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі минералды тыңайтқыштарды енгізу нормасын дұрыс айқындауға байланысты.
Бұл мақсатта министрлік форвардтық сатып алу механизмін әзірлеп, субсидиялау ережелеріне тиісті өзгерістер енгізген.
Атап айтқанда, қазақстандық зауыттарды субсидиялау арқылы аванстық төлем жасау көзделген. Бүгінде зауыттармен 15,5 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу туралы келісімшарт жасалған, оның ішінде 10,1 мың тоннасы жіберілген. Сатушылардың мәліметінше, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін Шығыс Қазақстанға қажетті көлем толығымен жеткізілген.
Ажар Қажыбекова атап өткендей, өңірде сатып алынатын барлық минералды тыңайтқыштардың 63%-дан астамы екі негізгі түрге – аммиак селитрасы мен аммофосқа тиесілі. Қазақстанда бұл тыңайтқыштарды «ҚазАзот» АҚ мен «Қазфосфат» ЖШС шығарады.
ТЕХНИКА МЕН ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ МАТЕРИАЛДАРЫ
Ресми мәліметтерге сәйкес, облыс шаруашылықтарында тракторлар, себу және топырақ өңдеу техникалары жеткілікті мөлшерде бар.
Сондай-ақ, аграршылар үшін жанар-жағармай материалдарының арзандатылуы үлкен қолдау болды. 2024 жылғы көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін қажетті отынды отандық мұнай-химия кәсіпорындары жеткізген.
ЭЛИТАҒА БАҒДАР
Не ексең, соны орасың. 2024 жылғы егістік науқанына облыс аграршыларының тұқымға деген жалпы қажеттілігі 71,8 мың тоннаны құрады.
Оның ішінде: дәнді дақылдардың тұқымы – 60 мың тонна, майлы дақылдар – 3 мың тонна, мал азықтық дақылдар – 0,8 мың тонна, картоп тұқымы – 8 мың тонна.
Салалық басқарманың ақпараты бойынша, облыстың барлық шаруашылықтары қажетті себу материалымен толық қамтамасыз етілді, әрі тұқым сапасын жақсартуға басымдық берілді.
Маңыздысы, барлық тұқымдық материал себу жұмыстары басталғанға дейін сапалық көрсеткіштер бойынша мұқият тексеріледі. «КазАгрЭкс» ШҚ филиалының деректері бойынша, ағымдағы жылы дәнді дақылдардың 59,4 мың тонна тұқымы тексеруге қабылданып, бұл қажеттіліктің 83 пайызына тең болды. Тексерілген 57,1 мың тонна тұқымның 56,9 мың тоннасы немесе 99,6 пайызы кондициялық деп танылды.
СУБСИДИЯЛАР ШАРУАЛАР ҮШІН
Әлемде мұнай мен мұнай өнімдері экономиканың қан айналым жүйесін бейнелейтін болса, қаржы – оның мәңгілік қозғаушы күші болып табылады. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы ШҚО-дағы көктемгі дала жұмыстарының табысты жүзеге асуы үшін облыс бюджетінен 4,1 миллиард теңге субсидия бөлу қарастырылған.
Әсіресе, тұқым шаруашылығын қолдау үшін 1,121 миллиард теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандату үшін 1,651 миллиард теңге, пестицидтердің құнын арзандату үшін 1,301 миллиард теңге бөлінді, сонымен қатар, суармалы судың жеткізу қызметтерін субсидиялау үшін облыс бюджетінде 16 миллион теңге қарастырылды.
Салалық басқарманың ақпараты бойынша, аграршылардың минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялау бойынша қосымша қажеттілігі пайда болды. Осыған байланысты ШҚО әкімдігі жергілікті және республикалық бюджеттерден 1,1 миллиард теңге көлемінде субсидиялар бөлу туралы бюджет өтінімдерін алдын ала жолдады.
ҚАРЖЫЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ
Шығыс Қазақстан өңіріндегі көктемгі дала жұмыстарына дайындықта дамытушы институттар да назардан тыс қалған жоқ. ШҚО филиалы арқылы «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы 2024 жылғы егіс науқаны үшін шамамен үш миллиард теңге заем қаражатын бөлді. Оның ішінде «Кен дала» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар, ШҚО филиалы арқылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы 3 миллиард теңге лизингке техника мен жабдық сатып алу үшін қарастырды. 2024 жылдың басынан бастап жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеге келісімшарттар жасалды. Оның ішінде 1,5 миллиард теңге ауылшаруашылық техникаларының 96 бірлігін сатып алу үшін бөлінді, олар көктемгі дала жұмыстарында қолданылатын болады. Бұл заемдар шаруаларға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын шарттармен, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау есебінен ұсынылды.
Тайыр Сапарғалиев