Спорт және туризмнің болашағы: Министрдің есеп беру кездесуіндегі басты мәселелер
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға қоғам белсенділері, өңір азаматтары, БАҚ өкілдері, өңірлік спорт федерацияларының басшылары, туризм саласының кәсіпкерлері, спортшылар қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесуде Ербол Мырзабосынов министрліктің биылғы жұмысы, туризм, спорт және ойын бизнесі саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып, алдағы жоспарлар туралы баяндады. Қазіргі таңда елімізде спорт және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың саны 510 мың адамға өсіп, 8 миллионға жетті. Бұл – ел халқының 40,4%-ы. Ауылдық жерлерде 3 миллион адам спортпен айналысады.
Министрлік «Дене шынықтыру және спорт мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Мәжіліс бірінші оқылымда заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын (E-Sport) іске асыру аясында Министрлік пилоттық режимде негізгі 3 модульді іске қосуды жоспарлап отыр. Олар – спортшылар, бапкерлер, төрешілер мен әдіскерлер туралы бірыңғай деректер базасы, іс-шаралардың «электронды күнтізбесі» және объектілердің тізілімі.
Өңірде биыл Дене шынықтыруды дамыту орталығы ашылды. Спорт кешені мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелермен тығыз жұмыс істейді. Әртүрлі лигалар форматындағы іс-шаралар, сондай-ақ еңбек ұжымдары мен қарттар арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.
Министр туризмді дамыту бойынша жаңа бастамаларды іске асыру көзделгенін айтты. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту және салу бойынша жергілікті атқарушы органдарға өкілеттік беру, инвесторлардың шығынын өтеу, глэмпингтер мен қонақ үйлерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде объектілер салуды қолдау, орналастыру орындарын жіктеу және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты шаралар қолға алынбақ.
Еліміздің туризм саласында Шығыс Қазақстан облысының орны ерекше. Өңір әртүрлі ландшафттарымен және тарихи-мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Яғни, ШҚО-да туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік бар. Жалпы, облыста саланың негізгі көрсеткіштері бойынша қалыпты өсім байқалады. Орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға өскен. Орналастыру объектілерінің қызметін биыл 185 мың қазақстандық пайдаланған, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 20%-ға көп. Туризм саласына салынған инвестиция көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 23%-ға артқан. Биыл жалпы 3 жоба іске асырылды, сондай-ақ тағы 2 жоба аяқталуға жақын.
Ведомство басшысы заңсыз ойын бизнесі және лудоманиямен күрес бойынша атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.
Құмар ойындардан өзін шектеу қызметін цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыстар аяқталды. Қазіргі таңда 170 мыңнан астам адам eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға өз еркімен қатысуын шектеді. Бұған дейін азаматтар алты айдан 12 айға дейін шектей алатын еді. Енді бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылды.
Министр есеп беру кездесуінен кейін азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Шығысқазақстандық туроператорлар логистика мәселесін көтеріп, Өскемен-Алматы бағытындағы теміржол қатынасын жақсартуды сұрады.
Айна Ескенқызы
Фото: Аяужан Утеулинова