Жыл – он екі ай жолда
Фото: pexels.com
Ат құлағы көрінбес боранымен, тоқтаусыз жауатын қарымен, сақылдаған аязымен әуреге салып жататын Шығыста қысқы жол қатынасы қыстың алты айында да өзекті болып келе жатыр. Аймақтағы 3 186 шақырымның қарын күреп, тазалап, қысы-жазы күтіп ұстау міндеті жүктелген «ОблШығысЖол» ЖШС-нің аудандардағы өндірістік жол учаскелері қазіргі күні техникаларын түгендеп, сайлап, қарбалас жағдайда жұмыс істеп жатыр. Жауған қары табандап жатып алатын қыстың алғашқы айының өзінде ғана өңірдегі жолшылар талай асуды, қаншама шақырымды ақ ұлпадан аршып үлгерді.
Қыс–мазасыз мезгіл
Күршім мен Марқакөл аудандарындағы ұзындығы 500 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау «ОблШығысЖол»-дың Күршім ауылындағы №5 өндірістік жол учаскесінің міндетінде. Өндірістік жол учаскесіндегі 70 шақты маман қысы-жазы осы жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Қыста қырдағы елді мекендер арасына қатынап, жол жүру қиындай түседі. Қардың уақытылы тазаланбауы, көктайғаққа қарсы материалдардың дер кезінде себілмеуі, жолдардың кеңейтілмеуі көлік қатынасы үшін қауіпті. Аудандағы әсіресе, Күршім-Егіндібұлақ, Күршім-Төсқайың, Күршім- Марқакөл-Ұрынқай бағыттарындағы басқа да елді мекендер аймақтарындағы жолдарда қыраулы қыста көлік қатынасы күрделенеді. Күршімдік жолшылар қыс бойы өңірдегі осы жолдарды қардан тазалап, көлік қатынасының тоқтамауын қамтамасыз етуде. Ауа райы бұзылған боранды күндері жолшылар қар тазалау, жол аршу жұмыстарын жол көрінбей кететін, қар тазалаушы көліктің өзі жүруге мүмкін болмай қалатын жағдайларда ғана тоқтатады.
Бұл мамандық иелерінің үй бетін көрмей, апталап, айлап жол бойында жүретін кездері де аз емес.
Телефонға төтенше жағдайлар қызметінен ауық-ауық келіп жататын ауа райының қолайсыздығына байланысты ескертулерге қарамай өздерінің, өзгенің өмірлеріне қауіп төндіріп, жол жүріп кететін жолаушылар, жүргізушілер де жетеді. Қарлы бұрқасын жолды алып қалғанда көмекке келіп жеткен автогрейдердің, трактордың төбесін көрген жолаушылар жолшыларға әркез ақ ниетпен алғыстарын жаудырып жатады. Бірақ, оларға ауыр техника иелерінің өздері әупірімдеп, қиындықпен жеткенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан, тұрғындар ауа райының бұзылатындығы туралы ескертулерді ескеруге тиіс.
Автогрейдер жүргізушісі Есмұхамбет Ұябаев бүгінде Қазақстандағы ең ұзын Ертіс көпірінің үстін де тазалап жүр. Облыстың ғана емес, Тәуелсіз еліміздің стратегиялық әрі, айшықты нысаны болып, көк айдынның үстінен керілген көпірдің қазығы ал деп қағылған кезде қара жерді күреп, жағалауға қарай алғаш жол салғанның бірі де өзі. Бұрын Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай жаққа паром жүретін уақытта, тек күндіз ғана шығатын жолаушылар қазір күні-түні осы Ертіс көпірінің үстімен әрі-бері ағылып жатыр. Жолшылар көпірдің үстін көктайғаққа айналдырмай, күтіп-ұстап, көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.
Адал еңбектің лайықты бағасы
Ақ даладағы қалың қарды қақ жарып, жолсыздан жол салып, жабылып қалған күре жолдарды, жол бойын қардан тазалау автогрейдер жүргізушілерінің қыс маусымындағы қауырт жұмысы. Жолдағы жұмыс жазда көбеймесе, азаймайды. Жолшылар асфальт төсеп, шұңқырларды жамап, жол жөндеуге жұмылады. Жүргізуші Есмұхамбет Ұябаевтың осы жауапкершілігі мол жұмыстарды атқарып келе жатқанына 15 жылдан астам уақыт болған.
25 қазан Республика күні мерекесінде облыс әкімі Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарды құттықтап, экономика, өнеркәсіп, білім, мәдениет, ғылым және спорт салаларында жоғары жетістіктерге жеткендерді мемлекеттік медальдармен марапаттап, құрмет грамоталарын табыстаған болатын. Осы мерекелік шарадан Күршім ауылындағы №5 ӨЖУ жұмысшысы Есмұхамбет Ұябаев «Ерен еңбегі үшін» медалін тағып қайтты.
Учаскенің автогрейдер машинисіне бұл марапат оның жол саласындағы талай жылғы адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін берілді.
Есмұхамбет Ұябаев 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «ОблШығысЖол» ЖШС №5 Өндірістік-жол учаскесінің автогрейдер-машинисі болып жұмыс істеуде. «ОблШығысЖол» ЖШС басшылығы Есмұхамбет Темірбекұлын жауапты және алдына қойған мақсаттарға жетпей қоймайтын, жол саласында үлкен тәжірибесі бар, кәсіби білікті, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын қызметкер ретінде бағалайды.
Есмұхамбет Темірбекұлының мектеп бітірісімен, өз қалауымен алғаш таңдаған мамандығы – жүргізуші. Қойтас ауылында туып, өсіп, 10 сыныпты осы ауылдан бітірген ол әскерден келген беті туған жерінде еңбекке араласады. Бала кезінен жүргізуші болсам деп армандаған тілегі орындалып талай техниканы тізгіндеп, Камаз, ЗИЛ сияқты әр түрлі ауыр жүк көліктерін жүргізіп, қаншама шақырымдарды артқа тастайды. Кейін еңбек жолын №5 ӨЖУ-не келіп жалғастырады.
Бүгінде бес бала өсіріп, немерелерін тәрбиелеп отырған қарапайым ауыл еңбеккері – бақытын еңбектен тапқан жанның бірі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ол балаларын да жастайынан еңбекке баулыған. Шығыс Қазақстан техникалық университетін жол құрылысы мамандығы бойынша бітірген ұлы Бағлан да әке жолын қуып өндірістік жол учаскесінде қызмет етуде. Осында қара жұмысшы болып келген ол бүгінде аудандағы аталған жол учаскесінің басшысы.
Қыс қаһарына мінген шақта техникалар мен мамандардың қысқы кезеңге сақадай-сай болуы аса маңызды. «ОблШығысЖол»-дың Күршім ауылындағы №5 ӨЖУ мамандары, механиктері жылдағы әдеттерінше қар жауып, боран-шашын басталмай тұрып, барлық техниканың жағдайын тағы бір тексеріп, ақауларын анықтап алған. Себебі, алты ай бойы қармен алысатын техникалардың сынып қалатын кездері аз емес. Есмұхамбет Темірбекұлы кеңес кезіндегі техникалар механикаландырылған, жұмыс істеуге тиімсіздеу болғанын, қазіргі автоматтандырылған техникалардың қолайлы екендігін айтады. Әйтсе де, бұрынғыларды өздері жөндеп алып, жүргізіп кетіп жатса, бүгінгілерді тілін білетін арнайы мамандарсыз жөндеу қиын. Жүргізушінің автогрейдері де бес алты жыл бұрын алынған жаңа буынды техника.
Ол шеті мен бұл шеті құс қанаты талатындай байтақты алып жатқан қос ауданның қысқы, жазғы жолына жауапты мекеме жыл сайын аудандардағы шаруа қожалықтарының, мекемелердің иелерімен де қысқы жолды аршып, тазалауға орай келісім-шарт жасасып келеді. Қар қалың жауып, техника жетпей жатқан жағдайда жол тазалауға аудандардағы жекеменшіктің техникалары да жұмылдырылады.
Жол мұраты-жету, жолшылардың міндеті – көлік қатынасын, жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сапарлап кеткен жолаушыларды, жұмысқа кеткен жолшыларды да үйдегі бала-шағасы ұзын жолдың бойына қарап, елеңдеп күтіп отырады. Осындай жауапты да абыройлы қызметті атқарып жолда жүрген жандардың жолы болғай.
Жанаргүл Мұқатай