ШҚО-да құтқарушылар жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетті (Видео)
Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар боран мен қарлы бұрқасын салдарынан жолда қалған азаматтарға көмек көрсетуде,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Глубокое ауданының "Шемонаиха–Секисовка" тас жолында жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен ТЖД қызметкерлері көлікті қардан шығарып, жүргізушіні аман-есен құтқарды.
Осы бағытта жүргенде құтқарушылар тағы алты автокөліктің қарға батып қалғанын анықтады. Мамандар арнайы жабдықталған "ТРЭКОЛ" көлігін пайдаланып, сегіз адамды құтқарды. Барлық жолаушылар жақын маңдағы елді мекенге жеткізіліп, олар үшін жылыту және ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Өңірде бірнеше күн бойы қатты қар жауып, боран соғуы салдарынан кейбір жол учаскелері көлік қозғалысына қауіпті болып тұр. Ескертулерге қарамастан, кей азаматтар хабарламаларға құлақ аспай, жолға шыққан.
ШҚО ТЖД тұрғындарға ұзақ сапарларды уақытша тоқтатып, ауа райының тұрақтануын күтуді ұсынады. Құтқарушылардың дер кезінде көмектесуі арқасында зардап шеккендер жоқ. Құтқарылған азаматтар кәсіби әрекеттері үшін қызметкерлерге алғыстарын білдірді.
Ауа райының тұрақсыздығы әлі де жалғасуда. Қауіпсіздікке назар аударып, сақтық шараларын сақтаңыз.