Болмысы бөлек Түсаға!
Еліміздің қай өңірінде болмасын сол елдің жоғын жоқтап, қазақтың тілі мен дінінің сойылын соғып, әдебиеті мен мәдениетіне қамқор боп, бабадан балаға мұра боп қалған жер-су, көше атауларының тарихи атаулармен аталуына жатпай-тұрмай атсалысып, осы жолда ұстасқанмен ұстасып, тістескенмен тістесіп жүретін, жол таппай дағдарып жүрген іні-бауырларына жөн сілтеп, жол көрсетіп жіберетін, осы болмысымен сол өңірдегі жасқа да, жасамысқа да үлгі-өнеге бола білген азаматтар аз емес.
Ондай азаматтар біздің Шығыста да бар.
Қандай лауазымды қызметте отырса да азаматтық, адами келбеті мен кепиетін жоғалтпаған, қолынан келгенше жоқ-жітікке болысып, жылаған жанды жұбатып, сүрінгенді сүйей білген, үлкенге ізетті іні, кішіге арқасүйер аға болып жүрген Түсіпхан Түсіпбекұлы бүгін 72 жасқа толып отыр.
Түсіпхан Түсіпбекұлы қазіргі күні зейнет жасында болса да, қол қусырып отырған жоқ. Күнделікті жұмысы бастан асатын қызметін айтпағанда, Өскемендегі әдеби-мәдени, спорттық шаралар, мерейтойлар мен түрлі-түрлі тұсаукесер рәсімдері, елге-жерге, жер-су атауларына қатысты басқосулар мен пікірталастар Түсағаңсыз өтпейді. Ондай жерлерге әлдеқандай себептермен келмей қалса, Түсағаңның орыны кәдімгідей ойсырап тұратындығына бір емес, бірнеше рет куә боп, көңілім құлазып қалғаны да бар.
Ел қамын қамдап жүрген Түсіпхан Түсіпбекұлының қазақ руханиятына, өңірдің мәдени-рухани саласына әлі де берер үлесі зор екені сөзсіз.
Ресми дерек: Түсіпхан Түсіпбекұлы ШҚО тумасы, қоғам қайраткері, 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 1994 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Әскери атағы – запастағы подполковник. "Астана" (1998), "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" (2001), "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" (2005) медальдарымен марапатталған.
Серік Құсанбаев