KZ
Өскемен
-23°
туман Штиль
515.97 537.8 5.25

ШҚО-да мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру шаралары қолға алынды

Бүгін, 13:30 61 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру бағытында бірнеше маңызды шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру мақсатында оқыту курстары мен кәсіби даярлық бағдарламалары ұйымдастырылуда, ал мемлекеттік қызметтің сапасы мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігі үнемі бақылауда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

— Ағымдағы жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша ШҚО-да 372 мемлекеттік орган тіркелген, олардың штаттық саны 3992 бірлікті, ал нақты саны 3583 қызметшіні құрайды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар — 1857, ал орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері — 1726 қызметкер, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ержан Айқынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте. 

Мемлекеттік қызметшілердің арасында әйелдердің үлесі 71%-ды құраса, басшылық лауазымдардағы әйелдер саны 19%-ды құрайды. Қызметшілердің орташа жасы 41,5 жас, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 28%. Сонымен қатар, зейнеткерлік алдындағы қызметшілердің саны 141, ал зейнеткерлік жасқа толып, келісімшартпен жұмыс істейтіндер саны 41 адам болып отыр. 

— Мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін арттыру үшін маңызды шаралар қабылданған. 2024 жылы облыс бойынша 1047 мемлекеттік қызметші оқытылды, оның ішінде 171 қызметші қайта даярлау курстарынан өтсе, 876 адам біліктілікті арттыру курсынан, ал 124 қызметші тағылымдамадан өтті, — деп атап өтті спикер. 

Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мен олардың этикалық нормаларын сақтау үшін Әдеп кеңесі мен мемлекеттік қызметке бақылау шаралары жүргізілуде. 2024 жылы этикалық мәселелер бойынша 10 отырыс өтіп, нәтижесінде мемлекеттік органдарға 117 ұсыныс жолданды. Бұдан басқа, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы да үнемі бақылауда. 2024 жылы облыс тұрғындарына 10 314 106 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97%-ы электронды түрде ұсынылды.

Сонымен қатар, қызметтің сапасын бақылау үшін жүйелі түрде тексерулер мен мониторинг жүргізіледі. 2024 жылы 29 бақылау іс-шарасы ұйымдастырылып, 4686 бұзушылық анықталды. Осы бұзушылықтардың нәтижесінде 27 нұсқама беріліп, 104 ұсыным орындалды.

Ерекше назар аударылып отырған тағы бір бағыт — мемлекеттік қызметке жастарды тарту. 2023 жылы жоғары оқу орындарының түлектерін аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарға конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі енгізілген болатын. Бұл жаңашылдықтың нәтижесінде 2023 жылы 9, 2024 жылы 24 және 2025 жылы 2 түлек мемлекеттік қызметке тағайындалды. Сонымен қатар, 2024 жылы еліміздегі барлық өңірлерде алғаш рет «өңірлік кадр резерві» құрылды, оған 22 адам тіркелді, олардың 6-ы басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу