Тәрбиеге бой ұсынғысы келмеген тентектер өз өмірін тәуекелге тіккен - ШҚО
ШҚО-ның Серебрянск қаласында «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатынан» қашқан төрт тәрбиеленуші табылды. Бұл балалар сот шешімі бойынша девиантты мінез-құлық пен білім алудан жалтару себептерімен осы арнайы мектепке орналастырылған еді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, 5 ақпанда кешкі сағат 20.30-да арнайы мектеп-интернаттың төрт тәрбиеленушісі интернат аумағынан қашып шыққан. Полиция қызметкерлері мен мектеп әкімшілігі шамамен үш сағаттан кейін, яғни сол күні 23 сағат 28 минутта жасөспірімдерді тапқан.
Мамандардың айтуынша, бұл тәрбиеленушілер үнемі интернаттан қашуға бейім балалар қатарында. Тексеру бойынша балаларға қатыгездік көрсету фактілері анықталмаған. ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аксана Каленова бұл оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын полиция органдары анықтайтынын және өзі де бақылауда ұстайтынын айтты.
Девиантты мінез-құлықтың салдары ретінде мұндай балалар әлеуметтік ортаға бейімделуде қиындықтарға тап болып, құқықбұзушылыққа бейім келеді.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Аяужан Утеулинова