KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
515.25 535.91 5.18

Өскеменнің оқушыларына тегін форма таратыла бастады

26.08.2019, 11:56 155

Өскемен қаласында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балаларына тегін мектеп формасы таратыла бастады. Бүгін облыс орталығындағы №1 білім ордасының 123 оқушысы оған алғашқылардың бірі болып қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған кешенді бағдарлама қабылданып, балаларды тегін мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

- Өскемен қаласында көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 5040 бала тізімге енгізілді. Облыстық бюджеттен мектеп формасына 65 миллион теңге бөлініп, байқау негізінде оны тігу міндеті «ISNAR» ЖШС-ға жүктелген болатын. Форманың сапасы ата-аналардың көңілінен шығып жатыр. Осыған дейін «Бурак» атты фирма тіккен сапасыз форма туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Өскемен қаласының білім бөлімі тек «ISNAR» фирмасымен келісім шартқа отырған,-деп атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаева.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге қаладағы білім ордаларының 80 пайызына мектеп формасы жеткізілді. 26 тамыздан бастап олар балаларға таратыла бастады. Оқу жылы басталмай тұрып тізімдегі барлық бала формамен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ аудандардан енді көшіп келіп, тізімге енбей қалғандар да киімсіз қалмайды.

-Төрт баланың анасымын. Балаларымның үшеуі осы мектепте оқиды. Өткен жылы оқу құралдарын қоспағанда әр баланың мектеп формасы үшін 17 мың теңге жұмсаған болатынмын. Биыл оның тегін таратылуы бізге айтарлықтай көмек болды. Үш баланы мектепке дайындау үшін ақшаны жаз бойы жинайтын едік, - дейді Шынар Назимова.

«ISNAR» ЖШС директоры Шынар Батылғазинаның айтуынша, форма әр мектептің техникалық сипаттамасына қарай тігілді.
- Оның ыңғайлы болуына әрі матасының сапасына ерекше мән бердік. Сол үшін өзім арнайы Түркияға да барып келдім. Талап бойынша мектеп формасының комплектісіне ақ жейде, кеудеше мен жемпір сондай-ақ қыздардың белдемшесі, ұлдардың шалбары кіреді,-дейді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу