Режиммен күрес: Серебрянсктегі мектеп-интернаттан балалардың қашу себебі анықталды
Кеше ШҚО-ның Серебрянск қаласындағы «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатынан» қашқан төрт тәрбиеленушінің табылғанын хабарлаған едік. Бүгін бұл жағдай бойынша облыстық білім басқармасы, мектеп әкімшілігі, прокуратура мен полиция өкілдері оқиға орнына барып, балалардың мекемеден қашу себебін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, 5 ақпан күні сағат 20:30 шамасында ШҚО Білім басқармасының девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының төрт тәрбиеленушісі мекемеден қашып, денсаулықтарын қауіпке тіккен. Сол күні мектеп жасөспірімдердің жоғалғаны туралы полицияға хабар береді. Серебрянск қаласының полиция қызметкерлері мен мектеп әкімшілігі бірігіп, іздеу жұмыстарын жүргізеді.
Тәрбиеленушілер түнгі сағат 23:28-де табылып, медициналық көмек көрсетілген. ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызы арнайы брифингте бір баланың қолын екінші дәрежелі үсік шалса, үш бала табанның бірінші дәрежелі үсігін алғанын хабарлаған еді.
Кеше екі баланың денсаулығы қалыпты болғандықтан олар арнайы мектепке оралып, қалған екі жасөспірім ауруханада ем қабылдау болған. Ал бүгін мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Сарқыт Давлетованың айтуынша, ауруханадағы екі баланың да жағдайлары жақсарған және бір-екі күнде ауруханадан шығуға тиіс.
Білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда балалардың психологиялық жай-күйі бақылауда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілген.
Мамандардың айтуынша, бұл тәрбиеленушілер үнемі интернаттан қашуға бейім балалар қатарында. Тексеру бойынша балаларға қатыгездік көрсету фактілері анықталмаған. ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аксана Каленова бұл оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын полиция органдары анықтайтынын және өзі де бақылауда ұстайтынын айтып отыр.
Фото: Махаббат Ахметжанова