«Alem Sazy» өскемендіктерге әсерлі кеш сыйлады
“Ертіс концерт” залында «Alem Sazy» вокалды-аспаптық ансамблінің 5 жылдығына арналған «Music Show Hits» мерейтойлық концерті өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. Бұл кеш топ мүшелерінің шығармашылығын паш етіп, олардың өнердегі жетістіктерін айқындай түсті.
Этно-рок стилінде өнер көрсететін «Alem Sazy» ансамблі ұлттық музыкалық аспаптар – домбыра мен қыл қобызды ғана емес, саксофон, гитара, барабан сынды түрлі аспаптарды шебер қолдана отырып, бірнеше музыкалық бағытта әндер орындайды. Қазақтың қоңыр сазымен қатар, джаз бен әлем халықтарының шығармаларын да сахнаға шығарып жүрген топтың бұл концерті аншлагпен өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Концерттік бағдарламада әлемге әйгілі музыкалық тележобалар мен отандық эстрадада танылған хит әндер шырқалды. Өскемендіктер мен қала қонақтары көптен бері сахнадан көрінбей кеткен қазақ эстрадасының жұлдызы Қайрат Түнтековтің «Өшпес сезім», «Көрінбей жүрсің сен неге?», «Алау сезім» секілді жүрекке жылы әндерін сүйсіне тыңдады. SuperStar KZ байқауы арқылы танылған талантты әнші «Alem Sazy» ансамблінің солистерімен бірге өнер көрсетіп, тыңдармандардың зор қошеметіне ие болды. Ол жанды дауыста ән шырқаған кезде көрермендер де қосылып, ерекше әсерге бөленді.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мирас Төреханұлы мен Ерасыл Ринатов композитор Жасарал Еңсеповтің «Әке толғауын» орындап, залды домбыраның қоңыр үніне бөледі. Сонымен қатар, республикалық және халықаралық конкурстардың жүлдегері, әсем дауысты Әсем Рыспаева «Позови меня с собой» және «Show Must Go On» әндерін шырқап, өнерсүйер қауымды тәнті етті. Қазақстандықтарға кеңінен танымал «Отан – Ана», «25 этаж», «Букет» әндеріне көрермендер қосылып, қол соғып, концерттік кештің шырайын аша түсті.
Кеш барысында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздары – Ернар Freestylo, Нұргүл Қабдоллаева, Салауат Байыр, Евгений Выблов, Эльдар Уадинов, Юлия Юрочкина, Арника Байбосынова, Анара Шакенова, Тимур Қалекперов, Радмир Тұрсұнбеков, Дмитрий Павлов (саксофон) және «Шаттық» камералық хоры өнер көрсетті.
«Alem Sazy» ансамблі 2019 жылы жеті кәсіби музыканттан құралған топ ретінде құрылды. Ұжым құрамында домбыра, қыл қобыз, бас гитара, акустикалық гитара, барабан және клавишті аспаптардың шебер орындаушылары бар. Ансамбль соңғы үш жыл бойы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының құрамында «Ұлттық рухани жаңғыру» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында ауылдық жерлерде концерт қойып, танымалдылығын арттыра түсті.
Кеш соңында көрермендер «Alem Sazy» ансамблінің өнерпаздары мен филармония солистеріне ыстық ықыласын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, зор құрмет көрсетті.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Махаббат Ахметжанова