ШҚО: Күмбірлі күй шертіліп, әуезді әні шырқалды (видео)
Өскемен қаласының тұрғындары күмбірлі күйге құлақ түріп, әуезді әнді әншілермен бірге шырқады.
Оған себеп, Ұлттық домбыра күніне орай Жамбыл атындағы саябақта мерекелік концерт өтіп, облыс тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өнерді өміріне өзек еткен жалпақ жұртқа белгілі, 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді. Биыл да өңіріміздегі домбырашылар шоғыры күмбірлі күймен дүбірлі дүниеге дүбір қосты.
Әуезге де, әуенге де толы кеште Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Alem sazy» вокалды аспаптық ансамблі, «Алтай» халық би ансамблі, «An.Sal.Dar» тобы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.
Айта кетейік, домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдаған болатын. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «Ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді. Соның нәтижесінде жыл сайын шілдеде домбыра күні тойланып келеді. Биыл да сондай игілікті шараның біріне куә болып, кеудемізді күй күмбіріне, домбыраның сазына толтырып қайттық.