KZ
Өскемен
-16°
туман Штиль
497.89 520.89 5.47

Жаңа қоныс, жаңа өмір: Өскеменде жиырма пәтер берілді (ВИДЕО)

14.02.2025, 14:00 502 Гульжан Мусина

Өскемен қаласындағы «Көктем» тұрғын үй кешенінде толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға пәтер кілті салтанатты түрде табысталды. Аппақ қар жапалақтап, аспаннан нұр жауған шуақты күні баспаналы болған жандардың қуанышында шек жоқ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

Ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрған өскемендіктерді қала әкімі Алмат Ақышов құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.  

— Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халықты баспанамен қамтамасыз ету» бағдарламасының бүгінгі игілігін көріп отырмыз. Бұл – көптеген азаматтарымыз үшін баспаналы болудың жалғыз мүмкіндігі. Президенттің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен бүгін 20 отбасы баспаналы болып отыр. Жаңа шаңырақтарыңызда қуаныш пен шаттық орнасын, бақытты күндер көп болсын. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, ел игілігіне үлес қосыңыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.  

Қала басшысы биыл 200 отбасыға пәтер берілетінін, келесі жылы да бұл көрсеткіш кемімейтінін атап өтті.  

Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітін он жыл басқарған Ермек қажы Мұқатаев жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти болып тағайындалған еді. Қоныс той иелерін арнайы құттықтаған ол:  

— Он жыл қызмет еткен уақытта Өскеменнің қалай дамып, көркейгенін көрдім. Бүгін де игі шараның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын халыққа жеткізіп, оны нәтижелі жүзеге асырып отырған облыс және қала басшылығына алғысымды білдіремін. Баспаналарыңыз құтты болсын! Еліміз дамып, өркендей берсін! Халқымыздың рухани әрі экономикалық тұрғыдан гүлденуіне біз әрдайым тілекшіміз, – деді Ермек Мұқатаев.  

Баспаналы болған бақытты жандардың бірі – 17 жыл кезекте тұрған, бірінші топтағы мүгедектігі бар ұлын тәрбиелеп отырған Сағымгүл Байжұманова.  

- Қуанышымда шек жоқ! Талай жыл осы сәтті күттік.  Президентімізге, атсалысқан басшылардың бәріне рахмет! Пәтердің сапасы күткенімізден де жоғары болып шықты, – деп толқынысын жеткізді ол.

Кең әрі жарық екі бөлмелі пәтерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қала әкімі жаңа баспана иелеріне кілем мен тұрмыстық техника сыйлап, үйлерінде әрдайым шаттық орнасын деген ізгі тілегін білдірді. 

Айна Ескенқызы

Фото: Аяужан Утеулинова

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу