Өскеменде «Vipusknik.kz - 2025» республикалық білім көрмесі өтіп жатыр
Өскемен қаласында «Vipusknik.kz - 2025» республикалық білім көрмесі өтуде. Бұл маңызды шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеге Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен, Семей қалаларынан келген ірі білім беру орындары қатысуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ашылу салтанатында жиналғандарды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, көрменің жұмысына сәттілік тіледі.
Vipusknik.kz порталы – еліміздегі білім беру саласындағы танымал онлайн алаңдардың бірі. 2024 жылы порталдың қаралымы бес миллионға жетіп, қазақстандық порталдардың ТОП-100 рейтингіне енген. Бұл платформа талапкерлер үшін мамандандырылған ақпараттық ресурстар ұсынып, жоғары оқу орындарына түсуге дайындықты қамтамасыз ететін маңызды алаң саналады.
«Vipusknik.kz - 2025» республикалық білім көрмесінің ұйымдастырушысы Сымбат Рамазановтың айтуынша, көрмеге еліміздің 13 оқу орнының өкілдері қатысып отыр.
Оқушылар өздеріне берілген осы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін белсенділік танытып, жоғары оқу орындарының ұсынатын бағдарламаларымен танысып жатыр.
Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжінің студенті, «WorldSkills Kazakhstan - 2024» чемпионатының жүлдегері Ерәлі Саятов көрме барысында қанттан скульптура жасау өнерін көрсетіп, қызығушылық танытқандарға әңгімелеп берді.
«Vipusknik.kz - 2025» білім көрмесі Өскемен қаласында екі күн қатарынан өтеді. Одан кейін Семей қаласында жалғасады. Көрме жастарға жоғары білім алуда дұрыс таңдау жасауға көмектесіп, өңірдегі білім беру деңгейін көтеруге өз үлесін қосады деп күтілуде.
Айна Ескенқызы