KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, Ю
501.31 520.11 5.33

Техникалық және кәсіптік білім берудің басты алаңы – «Жұмысшы мамандықтар қаласы»

Бүгін, 09:00 80 Төлеуғазы Жансая

Астана қаласында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды шара – «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылғы 12 ақпанда фестивальге Шығыс Қазақстан облысы делегациясы қатысып, олардың құрамында студенттер, оқушылар, педагогтер, оқу орындарының басшылары, ата-аналар қауымдастығының мүшелері, әлеуметтік серіктестер және Кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды.

Фестиваль «EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтіп, 15 ақпанға дейін жалғасады. Күн сайын шара аясында семинарлар, мастер-класстар, инновациялық сессиялар, мамандықтар парады, жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптар презентациялары, концерттер мен тренингтер ұйымдастырылады.

Шара барысында аймақтың оқу орындарының оқушылары мен студенттері интерактивті форматта әртүрлі мамандықтармен танысып, тақырыптық шараларда белсенділік танытты. Олар тау-кен және металлургия, машина жасау және көлік, аграрлық сектор және су ресурстары, құрылыс, болашақ мамандықтары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер салаларына арналған бөлімдерде болды.

Қатысушылар мұнай және энергетика өнеркәсіптері бойынша хакатонға, мамандықтар шеруіне, стартаптар презентациясына, көлік жасау бойынша шеберлік сабақтарына, сондай-ақ халықаралық аккредитациядан өткен колледждердің тренингтеріне қатысты.

Өскемен қаласындағы бейіндік мектептің оқушысы Дарижан Талғат фестивальден алған әсерімен бөлісті.

"Бұл шара маған өте қатты ұнады. Болашақта мен колледжге түсіп, автомеханик мамандығын меңгеруді жоспарлап отырмын. Көрмеде автокөліктің құрылымын көрнекі түрде көрсететін оқу станоктары мен бөлшектелген автомобиль модельдерімен таныстым",- деді ол.

Ал Риддер колледжінің студенті Казаков Денис үшін фестиваль жұмысшы мамандықтары туралы жан-жақты мағлұмат алуға және жаңа бағыттарды зерттеуге тамаша мүмкіндік болды.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі – болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері арасындағы маңызды байланыс алаңы болып отыр.

Айжанат Бақытқызы 
Фото: ШҚО білім басқармасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу