Өскемендік 180 оқушы шаңғы тебуді тегін үйреніп жатыр (Видео)
Өскеменде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға арналған тау шаңғысы мен сноубордтан тегін жаттығулар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Nurtau тау-шаңғы курортында 17-21 ақпан аралығында Өскеменнің 5-9 сынып оқушыларына арналған оқу-жаттығу сабақтары басталды. Жалпы 180 оқушы қысқы спорт түрлерін тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен үйреніп жатыр.
Игі бастама «Денсаулық күні» аясында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асуда. Балалар үшін курортқа тегін көлік ұйымдастырылып, ыстық тамақ беріледі. Басты назар шаңғы және сноуборд тебуді үйретуге бағытталған. Сабақтар ұзақтығы небәрі екі сағат болса да, көптеген оқушылар негізгі дағдыларды меңгеріп, өз бетімен сырғанай бастады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар жастар арасында спорттық мәдениетті дамытуға және ішкі туризмді насихаттауға ықпал етеді.
Мұндай бастамалар жас ұрпақтың спортқа және салауатты өмір салтына деген қызығушылығын оятуға көмектеседі. Бәлкім, осы оқушылардың кейбірі болашақта кәсіби спорт жолын таңдар.
Ержан Әбіш
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай