KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
499.22 519.14 5.64

Өскеменде дәстүрлі шаңғы жарысы өтіп жатыр (видео)

Кеше, 13:00 203 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде тағы бір ерекше спорттық іс-шара өтіп жатыр. Бүгін облыс орталығындағы Комсомол аралында шаңғымен жүгіруден «Шаңғы жолы шақырады» деп аталатын дәстүрлі сайыс басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған жарысқа шаһардағы мектептердің оқушылары қатысуда. Олардың арасында бұл спорт түріне енді ғана ден қойғандармен қатар, шаңғымен жүгіруден бірталай жетістікке жетіп үлгерген тәжірибелі спортшылар да бар. Республикалық додаларда облысымыздың намысын қорғап жүрген саңлақтар да осында. Солардың бірі – Алексей Кузнецов. Бүгінде қаладағы 4-ші мектепте оқитын Алексейдің еншісінде бірнеше республикалық жарыстың жүлдесі бар.

– Мен осыдан біраз бұрын Петропавл қаласында өткен елішілік жарыста екі бірдей жүлде жеңіп алдым, оның бірі – күміс, енді бірі – қола. Бүгінгі жарыста да жақсы нәтиже көрсететініме сенімдімін. Қарсыластарыма да сәттілік тілеймін. Ең бастысы, жарақаттан аман болайық, – деген ол спорттың бұл түрімен бес жылдай шұғылданып келе жатқанын және жетістікке жету үшін көп тер төгу керектігін айтты.

Жарыстың бас төрешісі Леонид Саковскийдің айтуынша, сайыс өте қызықты әрі тартысты болайын деп тұр. Себебі, қатысушылар жас санатына қарай бірнеше топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтайтын болады.

–  Бұл – Өскеменде өтетін дәстүрлі жарыстардың бірі. Жарысқа әуесқой шаңғышылар да, кәсіпқой спортшылар да қатысуда. Ешқандай шектеу қойып отырғанымыз жоқ. Кім білсін, осы жарысқа қатысып отырған балақайлардың арасынан болашақта халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғайтын спортшылар шығып қалуы да мүмкін, – дейді Л.Саковский.

Айта кетейік, бір күнге созылатын жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған қатысушылар ұйымдастырушылар атынан медальдар мен сыйлықтарға ие болмақ.

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу