Өскеменде «Altay Jumping Party» атты халықаралық жарыс өтті
Өскеменде сырықпен секіруден «Altay Jumping Party» атты халықаралық жарыс өтті. Облыс орталығында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған додаға әлемнің бірнеше мемлекетінен келген саңлақтар қатысты.
Атап айтсақ, бұл жолғы жарыста қазақстандықтармен қатар, Беларусь, Испания, Түркия, Украина сияқты алыс-жақын шет елден келген атлеттер де сынға түсті. Арасында танымал спортшылар да болды. Мысал ретінде Лондон Олимпиадасының финалисі Игорь Бычковты келтіруге болады.
Өскемендегі Республика даңғылында өткен байрақты бәсекені тамашалауға жұрт көп жиналды. Әсіресе, жас буын өкілдері көп болды. Оның себебі де айқын, спорттық жарыс халықаралық балалар күніне орай ұйымдастырылған-ды.
Жарыстың өткізілуіне мұрындық болған республикалық және облыстық жеңіл атлетика федерациялары көрермендерге арнап қызықты конкурстар ұйымдастырып, тегін сусын мен сувенирлер таратты.
Ал енді сайыстың өзіне келер болсақ, бұл жолғы бәсекеде қазақстандық Сергей Григорьевтің бағы жанды. Алматылық атлет жарыс жолына ең соңғылардың бірі болып шығып, ақырғы, үшінші мүмкіндігінде 5 метр 40 сантиметрге тең биіктікті бағындыра алды. Осылайша, Григорьев қорытынды есепте екінші және үшінші орындарға тұрақтаған украиналық Иван Еремин мен қарағандылық Даниил Полянскийден тура 20 сантиметрге озып кетті. Ал былтырғы жарыста жеңімпаз атанған Беларусь елінің өкілі Вячеслав Чамармазович бұл жолы алғашқы бестікке де кірмей қалды.