KZ
Өскемен
-8°
переменная облачность жел 5 м/с, В
499.11 521.12 5.58

ШҚО әскерилері «Анама хат» челленджіне қолдау көрсетті (видео)

Бүгін, 15:00 59 Гульжан Мусина

Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің сарбаздары 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Анама хат» атты облыстық челленджге өз үлестерін қосуды жөн көрді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысында аналар мен әжелерге деген сүйіспеншілік пен құрметті көрсету мақсатында 24 ақпан – 4 наурыз аралығында челлендж ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушылары, студенттер және аймақ жастары белсенді қатысты.

Отбасылық құндылықтардың маңызын атап өтіп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуды көздеген бұл іс-шара цифрлық дәуірде ерекше маңызға ие болды. 27943 әскери бөлімі басшылығының айтуынша, челленджге қатысу сарбаздарға тек дәстүрді еске салып қана қоймай, әскери қызмет пен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

– Бұл челлендж біздің бөлімде үлкен қолдау тапты. Тек менің ротамның өзінде 38 сарбаздың 27-сі хат жазды. Өз тарапымыздан сарбаздардың аналары мен әжелеріне хаттарын 8 наурызға дейін жеткізуге тырысамыз. Бұл олардың мейрамға арналған ерекше сыйы болмақ, – дейді 1-штурмдық батальонның 1-штурмдық ротасының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Қуаныш Балғабек.

Челлендж шарты бойынша кез келген адам анасына хат жазып немесе бейнеролик түсіріп, өз алғысын білдіре алды. Әскери қызметшілер қағазға хат жазуды таңдады. Көптеген сарбаздар үшін бұл олардың өміріндегі алғашқы қағазға түсірілген шынайы хат болды.

– Әскери борышымды өтеп жүргеніме төрт ай болды, Ақмола облысы, Аршалы ауылынанмын. Бұл – менің өз қолыммен жазған алғашқы хатым. Әжеме және әпкелеріме арнадым. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесу мүмкіндігі болса да, қолмен жазылған хаттың әсері мүлде бөлек. Оны сезуге, сақтап қоюға болады. Хат жазу кезінде ерекше толқыныс болды, алғысымды, шын жүректен шыққан тілектерімді қағазға түсіргім келді, – дейді 1-штурмдық ротаның сарбазы Константин Смотрин.

Шын мәнінде, заманауи цифрлық коммуникация үстемдік еткен заманда қолмен жазылған хат – шынайылықтың, жылылықтың және адами қарым-қатынастың белгісі.

«Анама хат» челленджі жақындарға деген сүйіспеншілік пен құрметтің заманауи технологиялармен үйлесімді ұштасатынын дәлелдейді. Шығыс Қазақстан облысының әскери қызметкерлері бұл челлендж арқылы қызмет жағдайында да отбасылық дәстүрлерді сақтаудың және жақын жандарға қамқорлық танытудың маңызын көрсетті.

Дамир Омаров

Фото/видео: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу