KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, СШ
510.18 601.91 6.51

Тракторды «ұршықша» иірген әже

7.03.2025, 12:00 666 Гульжан Мусина

Ұлан ауданында нәзік жандылар арасынан шыққан алғашқы механизатор Қазия апа Мусина бүгінде тоқсан жасқа жақындап қалды. Қария 1981 жылы КОКП-ның ХХVI съезіне делегат болып қайтқаннан бері журналистердің назарынан тыс қалмағанын айтады. Кезінде трактордың барлық түрін меңгеріп, тіпті ауыр техника саналатын «Кировец» тракторының құлағында ойнаған әжеміздің жады мен көз жанары әлі күнге жас күніндегідей сақталған. Сексен сегіз жасында бау-бақша салып, құрақ көрпе тігіп отырған әжемізден ұзақ өмір сүру құпиясын сұрағанымызда, ол өмір жолы мен басынан өткен қиындықтарын еске алды.

Қазия Шәкерқызы 1937 жылы 2 сәуірде Ұлан ауданы Сегізек ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде  небәрі төрт жаста болғанымен ол соғыс пен соғыстан кейінгі аштықты, соғыс зардаптарын жақсы біледі. Жоқшылық кезінде құрдастарымен бірге картоп салып, балық аулап, жидек жинап, аман қалғанын есіне алады. Ер-азаматтың барлығы Отан қорғауға аттанған, тылда әйелдер мен балалар жер жыртып, егін егіп, Жеңісті жақындату үшін бар күштерін салды. Кішкентай Қазия да басқа балалар сияқты үнемі анасының  жанында жүретін…

– Айта берсең, әңгіме көп. 1959 жылы Тайынты ауылында трактористер курсы ашылды. Өзімнің ауылымнан қырық шақырым жердегі ауылға жаяу бардым. Отыз алты жігітті қабылдапты, отыз жетінші болып мен жазылдым. Біреудің үйін жалдап, сол жерде алты айлық курсты тәмамдап шықтым, – деп есіне алды қария.

Бірақ техниканың тапшылығынан әрі нәзік жанды болғандықтан он жыл көлемінде Қазияны тракторға ешкім жолатпайды. Осы жылдары бұзаушы да болады, қоймашы да, тіпті қырманның бастығы қызметтерін атқарады. Сегізжылдық қазақ мектебін бітіргенімен өзінің табиғи алғырлығының арқасында орысша тез үйреніп алады. Өйткені есептің барлығын орысша беру керек. Соғыс кезінде көрген қиындықтары есіне түскен сайын темір тұлпарды бағындырсам деген арманы да қылаң беріп, бұл ойынан бас тартқысы келмей, техника сұрап, басшылықтың да есін шығарады.

Аяғы 1969 жылы Қазия Мусина алғашқы ДТ-54 тракторына отырады. Техникасы ескі болса да қаумалаған жұрттың алдында өзінің шеберлігін көрсеткісі келіп, темір тұлпарымен бір рет шыр көбелек айналып, ары қарай жүріп кетеді.

Ол кісі үшін трактор отбасының бір мүшесіндей болып, оны күтіп-баптап отырады. Тіпті күйеуі Қайырхан ағаны да трактор жүргізуге үйретті. Ұлан ауданындағы жалғыз әйел трактористің еңбек жетістіктерінен хабардар болып отырған облыстық басшылық оның тракторы әбден тозғанын білгенде, жаңасын беруге шешім қабылдайды.  Тіркемесі бар жаңа «Беларусь» тракторын тізгіндеген Қазия Мусина қаладан құрама жем, тұз, құрылыс материалдарын тасыды. Алыс фермаларға шөп, сабан жеткізді. Ойлы-қырлы, тастақ жолға қарамастан, оның тракторы бірде-бір рет бұзылмады. Сөйтсе, техникаға тек ер адамның күші ғана емес, әйелдің ұқыптылығы мен жанашырлығы да қажет екен.

«Обухов» кеңшарының сол кездегі инженері Қамаш Құнанбаев Қазияны Таврияда К-700 тракторының курсын оқуға жібереді. Оны да ойдағыдай тәмамдап, төрт жыл бойы «Кировецті» бағындырады. Сегіз целиндрлік «К-700А» моделімен қаладан көмір, құрылыс материалдарын тасиды. Қазия апамыз әлі күнге дейін техниканың бөлшектерінің атауын, терминдерді, Өскемен қаласында барған мекенжайларды мүдірместен айтып береді.

– Қалаға кіргенде Ертіс көпірінен өткеннен кейін оң жаққа кетсең, Пермитина көшесі бар. Қазір жылқылардың мүсіні тұрған жерден 500 метр ары «Коммунизм туы» газетінің ( қазіргі «Дидар») редакциясы болған. Қақаған қыста сол жерде тракторымның дөңгелегі жарылып, әупірімдеп, ауыстырып алдым. Әй, сонда редакцияның жігіттері терезеден қарап, күліп тұрған шығар, – деп күледі қазір қария.

1974 жылы Өскеменде Ленин алаңында үздік механизатор қыздарға алғаш рет атаулы тракторлар табысталды. Зайсан ауданынан келген Зина Кириченко мен ұландық Қазия Мусинаға Шығыс Қазақстан әйелдері арасында бірінші болып атаулы «Кировец» сеніп тапсырылды. Ленинградтың қуатты машинасын да еңбек ардагері шебер басқарды.

Мәскеудегі шуақты күндер

Қазия апамыздың күліп еске алатын тағы бір сәті – Кеңестер одағы коммунистік партиясының XXVI съезіне делегат ретінде Мәскеуге барғаны. Алғаш рет Мәскеуді көріп, көптеген қызықты адамдармен танысты, атақты қазақстандық механизатор, Социалистік Еңбек Ері атанған Қамшат Дөненбаевамен дос болды. Мәскеуге барған сапарын айтқан кезде ол кісінің жүзіне мейірім ұялап, көздері нұрланып шыға келді.

– Бір қарасам, вестибюльде өзіме ұқсайтын екі қара қыз тұр. Еріндері де менікі сияқты қап-қалың, шыттай киініп алған. Олармен танысайын деп, қастарына жақындадым. «Қыздар, сендер менің сіңілім шығарсыңдар» дедім орысша. Екеуі алдымен маған, сосын бір-біріне аңтарыла қарап, күліп жіберді. Артынша мені құшақтап, «иә, иә» деп жатыр. Сөйтсем, олар Конгоның елшілігінде істейтін шетелдік қызметкерлер екен. Мен сияқты қарапайым трактористпен сөйлесіп, бұрыннан танитындай емен-жарқын әңгімелескендеріне риза болдым. Біраздан кейін алғашқы әйел-космонавт Валентина Терешкова кірді залға. Бәріміз ол кісіні қаумалап, естелікке суретке түстік.  Суреттердің барлығын бір кездері мұражайға қоямыз деп алып кетіп еді, сақталды ма, жоқ па, білмеймін, – дейді еңбек ардагері.

Сол жолы облыстың бірінші хатшысы Александр Протозановпен танысқан Қазия Шәкерқызы елге келе салысымен, тікелей қабылдауына жазылып, өзіне он екі цилиндрлік «К-701» тракторын беруін сұрайды. Бірінші хатшы сол жерде телефон тұтқасын көтеріп, «ертең көмір алуға келгенде «К-701» тракторына тиеп беріңдер» деп тапсырма береді. Қазия Мусина адал әрі жемісті еңбегі үшін көптеген наградалармен, медальдармен марапатталған, біздің даңқты жерлесіміз – «Құрмет Белгісі» орденінің иегері.

Тоқсанға жақындаған Қазия әжеміз жуықта отыз жеті жылдан кейін тракторды қайта тізгіндеп, тағы бір таңқалдырды.

– Қазіргі техникалар мүлде жеңіл екен, гидравликалық басқару жүйесімен басқарылады. Біздің кезіміздегідей ауыр емес. Қыз-келіншектерге айтарым, неге техникамен жұмыс істемейсіңдер? Трактор айдауды сағынып қалыппын, ұмытпаппын, – дейді тракторға қиналмастан отырып-түскен даңқты әжеміз. Сөзіне қарағанда, әлі күнге өтіп бара жатқан техниканы көрсе, қай жерде ақауы бар екенін даусынан-ақ анықтай алады.

Тағы бір ермегі – құрақ көрпе тігу

Қазия Шәкерқызы үкіметтің жұмысын тындыра жүріп, дүниеге алты бала әкелген алтын құрсақты ана. Жолдасы Қайырхан аға екеуі ұлдарын да жастайынан техникаға баулыған.

– Көзімізді тырнап ашқаннан көргеніміз – техника. Кешке таман әкем екеуі отыра қалса да айтатындары сол техниканың жайы. Ағатайымыз екеуміз еріксіз құлағымызды түреміз. Мысалы, мына бөлшекті ауыстырып қойыңдар деп тапсырма береді. Шамамыз келмей жатса, анам істеп жатқан тамағын тастай салып, өзі келіп көрсетеді. Осылайша біз де техникаға үйір болып өстік, – дейді ұлы Қайнар.

 Ауыр техниканы ұршықша иірген Қазия әжеміз зейнеткерлікке шыққалы бар күш-қуатын бау-бақша салуға жұмсап келеді. Қыс бойы үйдегі терезе алдына алдымен қызынақ, бұрыштың көшеттерін салып, өндіріп алады. Қазірдің өзінде елу түп қызанақ, бірнеше сотық жерге картоп, сәбіз салады. Еңбекқор зейнеткердің көкөністері де жайқалып шығады. Бітік шыққан өнімін көрші-қолаңға тегін таратып береді.

Сүйегі асыл әжеміздің тағы бір ермегі – құрақ көрпе тігу. Кезінде Жантасқа шөп тасыған кезде, жол-жөнекей Сасық қарағай деген жердегі сыныптастарының үйіне барады. Олардың біреуі алаша тоқиды, біреуі киіз басып, сырмақ сырып жатады, біреуі құрақ көрпе құрап отырады. Қолөнерінің осы түріне қызығып, үйреніп алыпты. Тоғыз жыл болыпты осымен айналысқанына. Содан бері құдашаларына, қыздары мен немерелеріне сыйлық ретінде көздің жауын алатын қаншама құрақ көрпе құрап берді десеңші?! Ескі іс машинкасының да тілін жақсы біледі. Табаны тартпай, не жібі үзіле берсе, ауыр техникадан қиын емес қой, әжеміз оны бөлшектеп, ақауын бірден тауып, жөндеп алады екен.

Даңқты жерлесіміз бүгінде алты баласынан тоғыз немере, 18 шөбере сүйген бақытты әже. Балалары қалаға шақырғанымен, қария жеке үйінде жалғыз тұруды қалайды.  Үй шаруасын да тындырады, бақшаны да өзі қарайды, одан жалықса шығармашылықпен айналысады. Әжеміздің дауысы да сыңғырлап тұр. Әжелер алқасының белді мүшесі. Ұзақ өмір сүруінің сырын бала кезден қара жұмыс істеп, үнемі қимыл үстінде жүруінен деп санайды. Қазірдің өзінде Қазия әжеміз таңертең ерте тұрып, жаттығуларын жасайды. Оның тағы бір ерекшелігі – жастайынан әзілқой, ешкімге қабақ шытпайтын, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін жан.

Бүгінде ұзақ та бақытты өмір сүрудің құпиясын үйретеміз деп коучтар мыңдаған теңгеге түрлі тренингтер өткізсе, Қазия әжеміз оны өмірлік тәжірибесімен меңгеріп, айналасына өнеге көрсетіп келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу